Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны — астананың бой көтергеніне биыл 21 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны — астананың бой көтергеніне биыл 21 жыл толды

06.07.2019
Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны — астананың бой көтергеніне биыл 21 жыл толды

Сайын Сарыарқа төсінде Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны іспетті әсем астананың бой көтергеніне биыл — 21 жыл. Осы аз уақытта Елордамыз еңсесін тіктеді, жер-жаһанға танылды. Ғаламдық деңгейдегі саяси экономикалық, діни, мәдени шаралар өтетін платформаға айналды. Нұр-Сұлтан – ел дамуының локомотиві. Себебі мемлекеттік бюджетке қомақты қаржы құйып отырған донор шаһар. Экономика, мәдениет, құрылыс, бизнес салалары аса қарқынды дамып, тұрғындар саны да жыл өткен сайын көбейіп келеді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Бүгін біз Қазақстан Республикасының Жоғарғы өкімет органдары Ақмола қаласының 1997 жылғы 10 желтоқсанынан бастап, мемлекетіміздің Астанасы болып табылатыны жөнінде салтанатты түрде мәлімдейміз.

 

Ия, бұл қазақтың астанасы Алатаудан Арқаға көшкен кез. Елбасының ресми мәлімдемесі Ақмоладағы алғашқы Президент резиденциясында жасалды. Содан бері осы жерде талай тарихи құжатқа қол қойылып, мөр басылды.

 

Тарихқа сәл шегініс жасасақ... Қала бір күнде бой көтерген жоқ. Нөлден басталды десек те болады. Көшу барысында талай тар жол тайғақ кешулер болды. Елбасы Қазақстан елордасын Астанаға көшіру туралы шешім қабылдағанда, көпшіліктің көңілінде күмән мен күдік тұрды. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаев қателеспеді.

 

Қазақ Астанасы ай санап емес, күн санап өсті. 21 жылда Елорда тез өзгерді, тез дамыды.  Дәулеті тасып, сәулеті асты. Жер-жиһанға танылды. Шаһар – әлемдік лидерлер мен аузы дуалы сарапшылардың басын қосып, әлемдік саясатты сараптап, ғалам экономикасына үн қосатын халықаралық деңгейдегі алып алаңға айналды.

 

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

 

2002 жылдан бастап Астанада дәстүрлі діндердің сьезі өтіп келе жатыр. Бұл дүние жүзіндегі ең бірінші феномен деп айтуға болады, өйткені осы сьез дүние жүзінде басқа форматта өтпеген. Астана соңғы уақытта Қазақстанның саяси бет-бейнесін ашатын үлкен бір модераторлық деңгейге жетті.

 

Қала қаржылық қуатымен де өзге өңірден оза шапты. Ел бюджетінің донорына айналды. Мәселен, былтыр тек салықтан түскен түсімдер 1 триллион теңгеге жетсе, оның 78 пайызы  республикалық бюджетке түскен. Бұл – бір жағынан Нұр-Сұлтанның кәсіпкерлер қаласына айналғанын айғақтаса керек.

  

Асхат Наметша, экономика ғылымдарының кандидаты: 

 

Статистиканы қарайтын болсақ, соңғы жылдары Астанада орта және шағын бизнестің саны 100 мыңға жетіп қалды. Астана соңғы жылдары Қазақстан бюджетінің басты донорларына айналып барады.

 

Елорда – медициналық кластердің де дамыған ірі орталығына айналды. Ақмола кезінде бұл жерде небәрі 15 медициналық мекеме болса, қазір оның саны 40-қа жуық. Емханалар саны 2-ден 16-ға ұлғайса, аурухана 2-ден 20-ға дейін жетті. Ал  медицина қызметкерлері 2 мыңға да жетпеген. Қазір 24 мыңға жуық маман бар.

 

Жүсіпбек Әжіғұлов, 1998-2008 жж. Денсаулық сақтау басқрасы басшысының орынбасары:

 

Кадр тапшылығы болды, жан-жақтан алдырттық.

 

Қазір, елордалықтардың саны 1 миллионнан асады. Бұл сан күннен күнге өсіп келеді. Себебі Нұр-Сұлтанда күн сайын 100-ден астам нәресте дүние есігін ашады. Ал жылына 30 мыңнан астам сәби нұр-сұлтандық атанады. Жас қаланың халқымен қоса, аумағы да кеңейіп, білім мен ғылым да қарыштап дамуда. Қысқасы, бас қаламыздың қай саласында да, ілгерілеу мен жасампаздық бар.

 

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

 

Ия, осыдан 20 жыл бұрын бұл жер - мидай жазық дала болатын. Уақыт өте мұнда аспанмен астасқан зәулім де әсем ғимараттар бой көтеріп, алып көпірлер салынды. Ал Елорда маңайы жасыл желекке оранды. Мұның барлығы – Елбасының ерлігі, ерен еңбегі. Сондықтан да бұл қала Нұр-Сұлтан деп аталады бүгін.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу