Басты Жаңалықтар Абай облысында инвестициялық жобалардың саны үш есеге артты

Абай облысында инвестициялық жобалардың саны үш есеге артты

Абай облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды. Кеңеске мемлекеттік органдар, мәслихат, партия филиалдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі Берік Уәли Жолдаудағы жасанды интеллект, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика және туризм бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жыл басынан бері облыстағы инвестициялық жобалардың саны үш есеге артып, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жалпы құны 423 млрд теңгені құрайтын өңірлік инвестициялық пул жасақталды.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Абай облысында инвесторлардың атқарып жатқан жұмыс қарқыны жаман емес. Дегенмен осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыра беруіміз керек. Инвесторлармен жұмыс істеу дегеніміз - жай ғана кездесіп танысу емес. Бізге келетін инвесторлар көп. Бірақ солардың қайсысымен нақты, нәтижелі жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірінші кезекте осыны қадағалауымыз, қолға алуымыз қажет.

Алдағы жылдары облыста мыс балқыту зауыты, тау-кен байыту комбинаты, «Аягөз-Бақты» теміржолы, катодты мыс өндіретін кешен және ет өндіру кәсіпорындары сияқты ірі жобалар жүзеге аспақ. Сондай-ақ Семейде жаңа көпір мен айналма жол салынып, Алакөл жағалауы абаттандырылады. 2025 жылдың өзінде 27 млрд теңгеге 10 жоба іске асады деп жоспарланған. Жиында облыс әкімі  жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына, білім, медицина және су ресурстарын басқаруға енгізуді тапсырды.

Абзал Серікұлы, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

Аграрлық саласы, транспорт, ЖКХ саласы, құрылыс саласының барлығында жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр. Денсаулық саласында цифрлық паспорт даярлау, дәрігерге адамның қабылданғанынан бастап қандай ем алатындығына дейін жасанды интеллект қолдануды енгізу жоспарланып отыр.


Бөлісу