Астанада қуаттылығы тәулігіне жүз тонна болатын сүт зауыты іске қосылды. Әзірге, тек құрғақ сүт өндіріледі. Таяу аралықта бес мың бас қара малға арналған ферма жұмысына кіріссе, табиғи сүт те өндірілмек. Зауыт Германия, Австрия және Италиядан әкелінген заманауи технологиялармен жабдықталған.
Ондағы сүт өнімі «Жаным» сауда маркасымен шығарылады. Алдағы уақытта «Балапан» маркасымен шырын және шырындық негіздегі балалар тағамын өндіру жоспарда бар. Кәсіпорынның іске қосылуының арқасында 54 адам жұмыспен қамтылды. Толық жобалық қуатына шыққаннан кейін штат саны 150-ге дейін артады.
Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Алдағы жеті жылда жүзеге асуы тиіс «АгроБизнес – 2020» бағдарламасы екі бөлімнен тұрады. Оның бірі - сүт шикізатын өндіруді көбейту болса, екінші бағыты - біздің сүт өндейтін кәсіпорындарда қайта қалпына келтірілетін өнімдерді көбейту. Алдағы уақытта бағдарлама аясында шығынды көп талап ететін салаларды қаржыландыруға арналған жобаны қолға алмақпыз. Ол бойынша біз фермерлерден табиғи сүт өнімдерін сатып алып, қаржыны сүт және шығынды көп қажет ететін өнімдерді шығаруға жұмсайтын боламыз.
Досымжан ЕРМҰРАТ