Жастарға берілетін жалдамалы пәтерлерге өтініш қыркүйек айында қабылдана бастайды

03.07.2019

Бұл туралы бүгін жастар жылына арнайы әзірленген Жол картасының іске асыру барысын баяндаған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова айтты. Мәліметке сәйкес, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жыл сайын 1 мың пәтер беріледі. Бірақ, оны ешкім сатып ала алмайды. Жас отбасы аяғынан тұрып кеткенше, айына 12 мың теңгеден төлеп жалдамалы пәтерді паналайды. Осы уақытта олар жеке пәтер сатып алатындай қаржы жинауы тиіс: тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашып, мемлекеттік бағдарламаға қатысады. Жалдамалы пәтерге тұрудың басты шарты да осы. Қажетті соманы жинаған жас отбасы пәтерді босатады. Себебі, бұл пәтерлер 3 жылдан 5 жылға дейін және 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға берілмек.

 

Жұлдыз Омарбекова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

 

Жалдамалы пәтерге қабылданатын өтініштердің ережелері тамыздың 1-де біздің сайтымызда жарияланады. 29 жасқа дейінгі жастардың ата-анасы жарымжан болса немесе баласы мүгедек болса, оларға қосымша жеңілдіктер қарастырылады. Қазір, жалдамалы пәтерде тұрудың уақыты 3 жылдан 5 жылға дейін деп отырмыз. Бірақ, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де министрліктермен бұл мәселе тағы пысықталады.

 

Сондай-ақ, қыркүйектің бірінен бастап волонтерлықпен айналысуға ниетті жастарға арналған тың жоба басталады. Арнайы тіркеуден өтіп, мамандығына жақын саланы таңдаған студентке ваучер беріледі. Еріктілер таңдауына ваучердің екі кредитті және бес кредитті екі түрі ұсынылады. Біріншісі бойынша, ерікті істеген ісіне сәйкес 20 мың теңге алады. Ал, бес кредиттік бағдарламада жұмыстың көлемі де, қаржы сомасы да молырақ болмақ. Студенттер осы ваучер арқылы өздерінің оқу ақыларын төлей алады. Айта кетейік, аталған жоба 50 мың студентті қамтымақ.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу