Елордада жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді беруге өтініш қабылдана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді беруге өтініш қабылдана бастады

31.10.2019

29 жасқа дейінгі жастардың жалдамалы пәтерге өтініші қарашаның 5 мен 10 аралығында қабылданады. Өтінімді Smart Astana порталы арқылы электронды түрде жіберуге болады. Мамандардың сөзінше, тұрғын үй сатып алу, ұзарту құқығынсыз бес жылға беріледі. Яғни бес жылдан кейін пәтерді босатуы тиіс. Осы уақытта жастар өзіне баспана сатып алу үшін қаржының бір бөлігін жинап алуы қажет. Үйді жалдау ақысы айына 5 пен 15 мың теңге аралығында. Бәрі де үйдің шаршы метріне байланысты. Өтініш берушілердің тізімі осы жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірілмей жария етіледі. Баспаналар жаңа жылға дейін беріледі. 

Бақытжан Жүнісбеков, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Қоғамдық даму істері басқармасының бөлім басшысы:

Ережеге сәйкес, әзірге белгілі бір анықтамалар жоқ, айына 120 мың немесе 50 мың жалақыны төлеу керек деген. Оны әр азамат саналы түрде ай сайын 5 мың теңге пәтерақыға кетсе, жүріп-тұруы бар, тамағына кетсе, қалған 30 пайызын жас азаматтарымыз өз пәтерін алуға депозитіне жинайды деп сенеміз.

Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, биыл елордада бір және екі бөлмелі 1050 пәтер берілмек. Оның 202-сі екі бөлмелі және 848-і бір бөлмелі. Ауқымы 30 бен 70 шаршы метр. Баспаналар Уәлиханов, Сейфуллин, Бөгенбай батыр мен Жангелдин көшелерінде орналасқан. Бәрі де – жаңа пәтер. Алайда жиһаз бен техниканы тұрғындардың өздері сатып алуы керек. Пәтер кәсіби салада тиісті дипломы, сертификаты бар азаматтарға беріледі. Жалға берілетін тұрғын үйге мектептің аттестаты бар немесе техникалық және кәсіптік, орта білімді меңгерген, сондай-ақ, жоғары оқу орнының дипломын алған азаматтар өтініш бере алады. Сонымен қатар, мамандығы нарықта сұранысқа ие «100 мамандықтың» тізіміне кірген жастарға басымдық беріледі. Жалпы, жастарды ынталандыру мақсатында осы бағдарлама бойынша 3 жылда елдегі 3 мегаполисте 9 мың пәтер табысталмақ. Ал өтініш беруге қажетті құжаттарды ғаламтордағы ресми сайттардан немесе 109 нөміріне хабарласып, білуге болады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу