Шағын кәсіпкерлікті қолдау - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын кәсіпкерлікті қолдау

21.07.2014
Шағын кәсіпкерлікті қолдау

Орал қаласында биыл «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша бөлінген шағын несиенің көлемі үш еседей өсті. Жергілікті билік әсірісе, өндіріске икемі бар тұрғындардың бастамасын қолдауға ықылас танытып отыр. Бүгінде жеңілдетілген несие алған азаматтар 30 бағыт бойынша кәсібін дамытуда.

Виктор Седов ара өсірумен жас кезінен шұғылданады. Бұрын ермек еді, енді кәсіп көзіне айналдырмақ ойы бар. Бұл үшін «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша несие алды. Қаржысын 120 омарта мен жылжымалы электр станциясын сатып алуға жұмсады.

Виктор Седов, омарташы:

Бұл – қарапайым аралар. Жылына мың жарым келі бал береді. Енді асыл тұқымды бал араларын сатып алуды көздеп отырмын. Олардың өнімділігі үш есеге жоғары. Сайын дала сан алуан өсімдікке бай. Ал, дала балы болса әрқашан сұранысқа ие.

Ғарифолла Қадыралиев екі жыл бұрын құрылыс материалдарын шығаруды жолға қойды. Сапалы өнім нарықта өз орнын тапты. Тұрақты тапсырыс берушілердің саны артқандықтан, іскер жан өндірістің өрісін кеңейтуді жөн көрді. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіпорындағы қондырғыларды жаңартты, жұмысшыларды көбейтті.

Ғарифолла Қадыралиев, кәсіпкер:

Мемлекеттің көрсеткен көмегінің арқасында, біз қазір шығаратын өнімді екі есеге ұлғайттық. Алдағы уақытта бізге тағы да Үкімет тарапынан көмек болса, басқа облыстарға шығатын ыңғайымыз бар.

Биыл Орал қаласы бойынша «Жұмыспен қамту» жол картасымен қамтылғандар қатары артты. Әсіресе, өндіріс, жеңіл өнеркәсіп пен мал басын көбейту, бау-бақша шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетілді.

Әнуарбек Қабашев, жұмыспен қамту орталығының директоры:

80 миллиондай ақша бөлінді. 27 адам несие алуға ниет білдірді. Соның ішінде 15 адам мүлдем жұмыссыз адамдар. 12 адам бұрыннан кішкене кәсіптері бар. Сол жұмысын жандандыруға, кеңейтуге алды.

Осылайша, Оралда шағын несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер саны артып келеді. Келер жылы жергілікті билік «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында бөлінетін қаржының көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу