Егін шаруашылығына Үкімет қолдауы зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егін шаруашылығына Үкімет қолдауы зор

19.07.2014
Егін шаруашылығына Үкімет қолдауы зор

Семейлік  шаруалар жыл санап жаңашылдыққа ұмтылуда. Өңірдегі ең ірі шаруашылықтар заманауи қондырғылармен жарақталып, тың әдістерді меңгеріп жатыр. Олай етпеске болмас. Себебі аграрлық салада тек жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттырып, әлемдік стандарттардың негізінде жұмыс істейтіндер ғана бәсекелестікке төтеп береді.

«Мұздыбай-1» шаруа қожалығы - Семей өңіріндегі ең ірі шаруашылық. Көкөністі суармалы әдіспен өсіреді. Осыған дейін украиндық 12 «Фрегат» жаңбырлатқышын пайдаланып келген. Биыл лизингтік жүйе бойынша италиялық қондырғыға қол жеткізді. Өнімділікті бірнеше есе арттыратын агрегатқа кеткен шығынның 7 пайызын үкімет көтерген. Тиімді техниканың арқасында шаруалар егістік алқабын 40 гектарға ұлғайтты.

Лариса Борзенкова, шаруа қожалығының агрономы: 

Суару машинасын кез келген алқапқа тасымалдауға болады. Бұл – әмбебап құрылғы. Пайдалану барысында еш қиындық туындамайды. Басқаруға да жеңіл. Көкөністің сапалы өсіп шығуына, өнімділігі жоғары болуына әсері көп әрі жұмысыңды жеңілдетеді.

Өткен жылдың өзінде Семейдегі егін шарушылықтары 185 млн  теңгелік шетелдік қондырғылар сатып алған. Биыл да солай болмақ. Нәтижесінде өңірде өнімділік еселеніп келеді.

Тоқтарқажы Стамбеков, қалалық Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

Шаруашылық өнімдерінің әр  гектарына субсидия тағайындалған. Картоптың бір гектарына 120 мың, егер тамшылатып суару әдісімен өндірілген болса 150 мыңға дейін субсидия тағайындалған.

Сонымен қатар, биылдан бастап ірі егін шаруашылықтарын суаруға кеткен шығынның 70 пайызын үкімет қаржыландырады. Мұндай қолдау барда агробизнес өкілдері дамуға мүмкіндік зор дейді.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу