Арыстағы жарылыс кезінде әйелді босандырып алған мұғалімдерді Білім және Ғылым министрі құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылыс кезінде әйелді босандырып алған мұғалімдерді Білім және Ғылым министрі құттықтады

26.06.2019

Ұлттық бірыңғай тестілеудің өту барысын бақылауға барған оқытушылар төтенше жайт орын алған сәтте жас ананың қасында болып, ерлікке тең іс жасаған. Үш ұстаздың ұлағатты әрекетін елге насихаттау үшін Ұлттық арнаның ұжымы оларды іздеп тауып, Елордаға алғызды. Экслюзивті сұхбат жазды.

 

Міне, қауіпке бастарын тігіп, нәрестенің өмірге аман-сау келуіне тікелей мұрындық болған жандар. Балбөпе Өтенова, Шайза Доскеева, Жанат Нұржыманова. Үшеуі де білім саласының үздігі. Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы университеттің оқытушылары. Сол күні олар Арыста іс-сапарда жүріп, ҰБТ-дің аппеляция отырысын өткізіп жатқан. Кенет оқыстан «шығыңдар, қашыңдар» деген дауыстан барлығы сыртқа беттейді. Осы оқиға желісін өздерінен естіп, білу үшін Ұлттық арнаның ұжымы оларды іздеп тауып, «Таңшолпан» бағдарламасына алғызды.

 

Қауіп пен қатер қатар төнген сәтте бастарын сауғалап қашпай, керісінше, жас ананың жанынан табылған үш ұстаздың ісін Білім және Ғылым министрі де жоғары бағалады. «Таңшолпан» бағдарламасынан кейін оларды Министрлікке шақырып, құрмет көрсетті.

 

Елдің бас мұғалімі әріптестерінің ісін ерлікке балады. Қандай құрмет көрсетілсе де лайық деді. Расымен, олар жан-жақтан төнген қауіп пен үрейге қарамастан, 23 жастағы келіншектің жанын аман алып қалу үшін барын салды.Өздерінің айтуынша, жаяу жүгіріп келе жатқанда бір көлік тоқтайды, жолшыбай бала-шаға, қарт әжені машинаға мінгестіріп алады. 10 шақты адам бір көлікпен келе жатқанда аяғы ауыр әйелдің қиналып тұрғанын көреді. Сөйтсе, ол да акушермен бірге ауруханадан шыққан. Жолда мінген көліктің жанар-жағармайы таусылып, далада тұрып қалыпты.

 

Сәби осындай жандардың арқасында аман-есен өмірге келген соң анасы Балбөпе Өтеноваға кіндігін кестіріпті. Өзінің екі қызы бар екен, енді үшінші қызым дүниеге келді деп мақтанды.

 

Ал өмірге келген періштенің есімін көлігімен қауіпсіз жерге жеткізген Досмұхаммед есімді жігітке құрмет ретінде оның анасының атын беріпті. Сәбидің есімі – Кәмила.

Хабарламаларға жазылу