Арыстағы жарылыс кезінде келіншекті босандырып алған мұғалімдерді Білім және ғылым министрі марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылыс кезінде келіншекті босандырып алған мұғалімдерді Білім және ғылым министрі марапаттады

26.06.2019

Арыстағы жарылыс кезінде әйелді босандырып алған мұғалімдерді Білім және ғылым министрі құттықтады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің өту барысын бақылауға барған оқытушылар төтенше жағдай кезінде жас ананың қасынан табылып, көмекке ұмтылды. Үш ұстаздың ұлағатты ісін елге насихаттау үшін Ұлттық арнаның ұжымы оларды іздеп тауып, Елордаға әкелді. Эксклюзивті сұхбат жазды.

 

Міне, қауіпке бастарын тігіп, нәрестенің өмірге аман-сау келуіне тікелей мұрындық болған жандар. Балбөпе Өтенова, Шайза Доскеева, Жанат Нұржыманова. Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы университеттің оқытушылары. Таңмен таласа алыс жолдан түсісімен Ұлттық арнаға келді. Сол күні олар Арыста іс-сапарда жүріп, ҰБТ-ның апелляция отырысын өткізіп жатқан. Оқыстан хабарланған ақпаратты естісімен олар да сыртқа беттейді. Тұтас елді таңқалдырған оқиғаның желісін өздерінен естіп, білу үшін Ұлттық арнаның ұжымы оларды іздеп тауып, «Таңшолпан» бағдарламасына алғызды. Көз көргендермен алғашқы эксклюзив сұхбат жазды.

 

Жанат Нұржыманова ҚР Білім және ғылым министрлігінің қызметкері:

 

- Сіздерге келеміз деп те ойлағанымыз жоқ. Сіздер болмай бізді шақырған соң келіп отырмыз.

-Әрине, шақырамыз. Сіздердің істеріңізді ел тану керек.

 

Қауіп пен қатер қатар төнген сәтте бастарын сауғалап қашпай, керісінше, жас ананың жанынан табылған үш ұстаздың ісі ерлікке парапар. Бастан кешіп, көзбен көрген оқиғаны баяндау барысында олар көздеріне жас та алды.

 

Жанат Нұржыманова ҚР Білім және ғылым министрлігінің қызметкері:

 

Алдымыздан қиылып ракета ұшып келіп снарядтар атылады ғой. Жердің бәрі жанып жатыр. Сол кезде біз жыладық қой. Біз қасымыздағы балаларды ойладық.

-         Жыламаңызшы, жыламаңыз...

 

Жан-жақтан төнген қауіп пен үрейге қарамастан, 23 жастағы келіншектің жанын аман алып қалу үшін барын салды. Өздерінің айтуынша, 30 шақырымдай жолды жаяу жүгірген. Сосын бір көлік тоқтап, мінгізіп алады. Жолшыбай бала-шаға, қарт әжені де ала кетеді. 10 шақты адам бір көлікпен келе жатқанда аяғы ауыр әйелдің қиналып тұрғанын көреді. Сөйтсе, ол да акушермен бірге ауруханадан шыққан. Жолда мінген көліктің жанар-жағармайы таусылып, далада тұрып қалған. 

 

Жанат Нұржыманова ҚР Білім және ғылым министрлігінің қызметкері:

 

Келіншектің мықтылығы ауылдан менімен бірге жүгірді ғой. Снаряд атса, отыра қалады дейді.  

 

Бір ауылға жетіп, бейтаныс үйде жас ананы босандырып алады. Үш ұстаздың бұл ізгі әрекетін Білім және Ғылым министрі де жоғары бағалады. «Таңшолпан» бағдарламасынан кейін оларды Министрлікке шақырып, құрмет көрсетті. Өмірге келген сәбидің кіндігін Балбөпе Өтенова кесіпті. Өзінің екі қызы бар ұстаз-ана енді үшінші қызым дүниеге келді деп қуанды.

 

Балбөпе Өтенова Атырау мұнай-газ университетінің оқытушысы:

 

Ал қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Қиын кезде қастарында болған жандарға алғыстан басқа айтары жоқ.

 

Кенже Ерасыл, Арыс қаласының тұрғыны:

 

Әсіресе, көлігімен қауіпсіз жерге жеткізген жүргізушіге алғысы шексіз. Айтпақшы, перзентке сол жігіттің анасының есімін беріпті.

 

Толғатып отырып айтты, ер бала болса шофердың атын қояр едім. Бірақ УЗИ қыз еді. Сосын акушер айтты. Мамасының есімін қой деді. Есімі -Кәмила.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу