Түркия президенті оппозициялық кандидат Экрем Имамоғлыны қайта өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия президенті оппозициялық кандидат Экрем Имамоғлыны қайта өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтады

24.06.2019

Реджеп Тайып Ердоғанның бұл туралы мәлімдемесі оның «твиттердегі парақшасында жарияланды. Ал, бірқатар бақылаушылардың ойынша, кешегі сайлау нәтижесі Ердоған партиясы үшін үлкен соққы.

Ыстанбұл мэрін қайта сайлауда Имамоғлы қарсыласына қарағанда 800 мың дауыс артық жинаған. Осылайша, елдің ең ірі қаласы Ердоған қарсыластарының қолына өтіп отыр. Бюллетендердің 99 пайызы саналып бітті. Оның нәтижесі бойынша, Имамоғлыны электораттың 54 пайызы қолдаған. 49 жастағы оппозиционердің жақтастары қазір үлкен жеңісті мерекелеп жатыр. Наурызда өткен мунициалдық сайлауда да осы үміткер басым түскен еді. Алайда, елдің орталық сайлау комиссиясы заңсыздықтарға жол берілді деп, ол қорытындыны жойды.

Биліктегі Әділет және даму партиясының өкілі Бинали Йылдырымға дауыс бергендер – 45 пайыздан сәл асады. Ол түрік үкіметін 2016-2018 жылдары басқарды. Және де дәл осы Йылдырым премьер болған кезде Түркия президенттік республикаға айналды.

17 миллион тұрғыны бар Ыстанбұл – елдің қаржылық, мәдени орталығы. Әдетте онда ұтқан партияның елге саяси және экономикалық ықпалы арта түседі.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу