Қарабалық ауданында майлы дақыл егілген 3 мың гектар алқапты құм басып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарабалық ауданында майлы дақыл егілген 3 мың гектар алқапты құм басып қалды

20.06.2019

Қостанай облысының Қарабалық ауданында  майлы дақыл егілген үш мың гектарға жуық алқапты құм басып қалды.  Апталап тоқтаусыз соққан жел, құнарлы топырақпен қоса жас өскіндерді ұшырып әкеткен.  Бұған көктем шыққалы мардымды жаңбыр жаумай, жердің құрғап қалуы да себеп болып отыр. Жел эрозиясына ұшыраған алқаптардағы қазіргі ахуалды Дәуренбек Әбдібек көріп қайтты. 

 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

 

Егістіктің жиегінде есіліп жатқан мына құрғақ құм – нағыз құнарлы топырақ. Қатты соққан дауыл оны алқаптан ұшырып әкеліп осында үйіп тастаған. Бұдан он күн бұрын барлық алқаптағы көрініс тап осындай болыпты. Яғни шөл даладағыдай құрғақ құм үйіліп жатқан.

 

Жел эрозиясынан ең көп зардап шеккен Смирнов ауылындағы шаруашылық. Мұнда екі мың гектардан астам жерге егілген майлы дақылдан дым қалмаған. Мамандар табиғаттың бұл тосын құбылысының алдын-алу еш мүмкін емес дейді. Егістікті жағалай өскен ағаштар да құмды дауылдан қорған бола алмапты. Енді алқаптағы қалған топырақты сақтау үшін тез пісетін бидай тұқымын қайта егілген. Қазір ол көктеп жатыр. Әйтсе де шығын шаш етектен.

 

Руслан Қабаев, шаруашылық басшысы:

 

Алдын-ала болжам бойынша шығын шамамен 20 млн теңгеден асады. Мұның өзінде біз тек жалақы мен осы алқапта жүргізілген жұмыс ауқымын есептеп отырмыз. Бұдан әлдейқайда көп болуы да мүмкін.

 

Руслан Қабаев бұл шығынды өндіріп алу мүмкін емес дейді. Себебі егістікті сақтандырып үлгермеген. Аудан бойынша 2700 гектар алқапқа егілген майлы дақылдың дәні тура мағынасында желге ұшыпты. Онымен қоса жердің беткі қабатындағы құнарлы топырақ та көкке көтеріліп, тозаңға айналған.

 

Қайрат Салмағанбетов, Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары:

 

Комиссия құрып, шаруашылықтарға шығып, акт жасалып жатыр. Көбісі шараулаардың сақтандыру көмегін алғысы келіп отыр.

 

Шаруалар сақтандыру ақысын алғысы келгенмен, оның төлену төленбеуі әзір неғайбыл. Жалпы ауданда биыл барлығы 270 мың гектер жерге дән себілген.  Алдағы уақытта жаңбыр жаумаса өнім аз болуы әбден мүмкін. Құрғақшылықтың кесірінен шабындықтарға шыққан шөп те сирек, жетілмеген. Сондықтан биыл төрт түлікке жем-шөпті жеткілікті дайындау да қиынға соғатын тәрізді.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу