«Алматы бояулары» зауыты экспорт аясын кеңейтуде
Талдықорғандағы «Алматы бояулары» зауыты экспорт аясын кеңейтіп жатыр. Мәселен,кәсіпорын алдыңғы жылмен салыстырғанда, өнім көлемін 50 пайызға, экспортты 30 пайызға көбейткен.
Өйткені, заманауи техникамен жабдықталған, сондай-ақ, мемлекет тарапынан қолдау орасан.
Әсет Абаев бұл зауытта ашылған кезінен бастап жұмыс істейді. «Бүгінде кәсіпорынның тамырына қан жүгірді, өнім көлемі жыл сайын артып келеді», дейді ол.
Алғашында мұнда 10-15 адам ғана еңбек етсе, қазір 100-ден астам азамат нәпақасын тауып отыр.
Орта есеппен жалақы - 110 мың теңге. «Ауылдағы ағайынның тұрмысы түзу, әрине кәсіпорын жұмысының да жандана түсуі оған сеп болып отыр», дейді маман.
Әсет Абаев, зауыт жұмысшысы:
Біздің кәсіпорын тәулігіне ондаған тонна бояу шығарады. Айта кетерлігі, цехтарда иіс те жоқ, жұмысқа өте қолайлы. Мені кәсіби біліктілігімді жетілдіру үшін Беларусь еліне оқуға да жіберді. Енді бар күш-жігерімді салып жатырмын.
«Алматы бояулары» зауыты 2009 жылы құрылған. Бастапқыда 200-300 тонна ғана бояу шығарса, қазір оның көлемі 1,5-2 мың тоннаға дейін жетті.
Бояудың 28 түрін шығарады. Қазақстанның 80 пайызын бояумен қамтамасыз етіп отыр. 2010 жылы экспортты Ресейден бастады, енді ТМД мемлекеттерінің барлығынан да сұраныс келіп түсуде.
Биыл 15 елге бояу жөнелтеді. Ол дегеніңіз, ең алдымен өнім, пайда көлемі көл-көсір болады деген сөз.
Марат Диханбеков, зауыт директорының орынбасары:
Тұрмыстық бояу, темір, ағашқа арналған бояу шығарамыз. Техника сатып алдық, Ресеймен келісімге отырдық. Енді жолды өзіміз бояймыз.
Қазіргі зауытта жаңа өндірістік цехтар салынуда. Енді өнім көлемі артады. Демек, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік те бар.
Индира БЕГАЙДАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы