Абай облысында тағы 30 кітапхананы жөндейді
Абай облысында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бірқатар нысан қолданысқа берілді. Бесқарағай ауданында балалар мен жастарды шығармашылыққа баулитын заманауи орталық іске қосылды. Ал Абай ауданында Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана мен ғылыми және цифрлық кабинеттер ашылды. Жалпы, облыста алдағы екі жылда 30 кітапхананы жаңарту жоспарда.
Бесқарағай ауданындағы орталықта балалардың шығармашылық, техникалық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған «Art-Studio», «Қыш шеберханасы», «Тігін», «MediaStudio», «Робототехника» кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар спорттық үйірмелері бар.
Медет Кәдірбеков, Бесқарағай аудандық білім бөлімінің басшысы:
Бұл шығармашылық үйі біздің балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, жеке дағдыларын дамытуға серпіліс береді. Былтырдан бері «Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында робототехникадан көптеген жарыс өтіп жатты. «Қазақстан халқына» қоры жетекшілік етіп, былтырдан бері робототехника конструкциясын беріп, ауыл-ауылға барып, соңғы үлгілдегі конструкциялармен балаларды үйретті.
Ұлжан Талапхан, оқушы:
Жөндеу жұмыстары өте күшті жасалған. Суреттер салынған. Әр бөлменің өз атмосферасы бар. Бұл үйірмелер өте керемет. Күнде келгендіктен, үйреніп қалдық.
Шығармашылық үйінде 400 бала қосымша біліммен қамтылған. Алда тәрбиеленушілер санын мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Ал Абай ауданының орталығы Қарауылда Мұхтар Әуезов атындағы Орталық кітапхана толықтай жаңартылды. Мәдени ошақ заманауи құрал-жабдықтармен, жаңа кітаптармен толықты.
Камила Лұқпанова, «Tana» қоғамдық қорының жетекшісі:
Бүгін біз 30 кітапхананың алғашқысының ашылуын өткізіп отырмыз. Жоба екі кезеңнен тұрады, әр кезеңде 15 кітапханадан жаңартылады. Қарауылдағы кітапхана өте үлкен, үш қабаттан тұрады, мұнда түрлі секция жұмыс істейді. Кемінде бес жаңа үйірме ашылады.
Алда өңірдегі 30 кітапхананы жөндеу жоспарланып отыр. Жаңа үлгідегі мәдени ошақтар кітап оқитын орын ғана емес, шығармашылықпен айналысып, жастарды жан-жақты дамытуға арналған орта болады. Жалпы, «Қазақстан халқына» қорының жобасы аясында екі жылда облыстағы 36 мектепте 58 заманауи кабинет жабдықталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы