Басты Жаңалықтар Түркістанда қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келеді

Түркістанда қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келеді

Түркістанда он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы дүниелерге сұраныс артқан. Шаһардағы қолөнершілер қалашығында шеберлер тері мен темірден, жүн мен киізден, тоқыма мен керамикадан жасалған бұйымдарға сұраныс артқанын айтады. 

-         Қазір енді бедерін салып біттік. Енді бедерін қыздырып, бойын жұмсартатын боламыз.

Түркістандық зергер Сұлтанғали Темірұлы 12 жылдан бері ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілген бұйымдар жасайды. Күміспен көмкеріліп, асыл тастармен әшекейленген алқа, сырға, білезіктері көздің жауын алады. Шебер қазір қыз-келіншектердің ұлттық бұйымға қызығушылығы артқанын айтады. Ұлттық киім кию сәнге айналып, тапсырыс көбейген.

Сұлтанғали Темірұлы, зергер:

Әркімнің өз қолтаңбасы бар дегендей, менің де өз қолтаңбам авангардтық стильде, аралас техникада ағаш қолданамын. Күміс және латунь қолданып, тастарды қолданып, солай өзімнің ерекше стиліммен жасаймын. Қазіргі таңда келіп жатқан туристер алып жатады. Әрбір бұйымның түбі атабабаларымыз жасаған ұлттық бұйымдардан алынады.  

-         Бұл негізі жергілікті қара ағаштан жасалған. Арнайы өз жіптері болады. Содан жасап қойғанмын.

Ал Ислам Сталинбеков 10 жылдық тәжірибесі бар мүсінші, ағаш шебері. «Кез келген қолөнердің алғашқы баспалдағы – сурет салу» дейтін ол ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдармен қатар, музыкалық аспаптар жасауды да меңгеріп алған. Бүгінде шебердің қолынан шыққан ұлттық аспаптар әнші, күйшілер арқылы ұлттық өнерді насихаттауға үлес қосып жүр. Ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен астау, сандық сияқты күнделікті қолданатын тұрмыстық бұйымдар да осы шеберханада жасалады.

Ислам Сталинбеков, ағаш шебері:

Ұлттық салт-дәстүрге байланысты ұлттық ойындар болуы мүмкін, болмаса ұлттық нақыштағы бір бағыттағы нелер болуы мүмкін. Соларды қазіргі заманауи бағытпен байланыстырып отырып, сондай бұйымдар шығарып жатырмыз.

Жалпы өңірде 130-дан астам шебер бар. Олардың көпшілігі өз бетінше ізденіп, еңбек етуде. Ал Түркістандық шеберлерге Қолөнершілер қалашығынан арнайы орындар берілген. Мұнда киіз, жүн түту, тоқыма, керамика, ағаш және былғары тері, кілем тоқу мен басқұрлар шеберханасы жұмыс істейді.  Ұлттық нақыштағы туындылар әсіресе шетелдік туристерді атты қызықтырады.

Түркан Ердоған, турист /Түркия/:

Шеберлер өз қолымен дайындаған бұйымдар өте қатты ұнады. Әшекей бұйымдары өте әдемі жасалған екен. Кәдесый ретінде алдық. Сондай-ақ теріден, ағаштан жасалған бұйымдар ерекше екен. Көңілімізден шықты.

Бүгінде шеберлер заманауи қаптама, маркетинг, цифрлық ілгерілету жəне жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігін меңгеруде. Яғни қолөнерді тек сақтап қана қоймай, оны бәсекеге қабілетті өнім мен брендке айналдыру жағын қарастыруда. Ал қолөнершілер орталығы шеберлердің сол өнімдерін таныстырып қана қоймай, тікелей сатуға, жаңа тұтынушылар мен іскерлік серіктестер табуға жол ашып отыр.

Бөлісу