Кедендік одақ құрылғалы Қызылорда облысынан 73 мың тонна күріш экспортталды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселене түспек. «Абзал және К» серіктестігінің төрағасы Абзал Ералиевтің пікірі осындай.
Өйткені, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы - күрішшілердің үлкен нарыққа шығуына мүмкіндік береді, дейді ол. Өткен жылы серіктестік Ресей мен Беларусь елдеріне 6 мың тонна Сыр елінің ақ маржанын өткізді.
Сұраныстың артуына байланысты диқандар егістік көлемін ұлғайтып, гектар түсімділігін молайтуды қолға алды.
Жуырда компанияның бір топ агрономы Ресейдің Краснодар өлкесіне барып, білікті әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтты.
Мамандар күріш егу ісіне жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. «Одаққа мүше елдерге сапалы өнім шығару - экспорттық әлеуеттің артуына ықпал етеді»,- дейді кәсіпкер.
Абзал Ералиев, «Абзал және К» серіктестігінің төрағасы:
Кедергілер, шекаралық тексерістер азайды. Жұмысымыздың көлемі ұлғайып, экспорттық белсенділігіміз артады, деп ойлаймыз.
Гүлнұр ҚАЛТАЙҚЫЗЫ