Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі басталды

07.06.2019

Оған әлемнің 18 елінен ұлттық спорт өкілдері мен этномузыканттар келді. 4-рет ұйымдастырылған фестивальдің биылғы ерекшелігі - алыптар арасында күш сынасу сайысы болды.

Алматы іргесіндегі «Боралдай» сақ қорғандарының ашық алаңқайына 40-қа жуық киіз үй тігіліп, алтыбақандар құрылды. Қорған аумағы бірнеше аймаққа бөлініп, қонақтарға түрлі қызықтар ұсынды. Фестивальға Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан, Тыва, Украина, Дағыстан, Өзбекстан, Якутия,Саха Республикасы және Қырғызстан сынды түркітілдес мемлекеттерден 100-ден астам қатысушылар келді.

Иулай Галиулин, садақ атушы, Башқұртстан:

Кісі көп келген. Біздің халқымыз бір туған. Қанымыз — бір, тарихымыз — бір. Тіліміз — бір. Біз садақ атудан қатысамыз. Башқұртстаннан 10 кісі келдік.

Дәстүрлі шарада көшпенді халықтардың таным-тарихынан сыр шертетін ұлттық ойындар ойнатылып, қолөнершілердің көрмесі өтті. Қонақтар әр ұлттың тағамынан дәм татып, батырлардың жекпе-жегіне, ат құлағында ойнаған садақшылардың шеберлігі мен ептілігіне тәнті болды.

Күлжамал Байдолда, қала тұрғыны:

Бірінші рет осы жерге келіп отырмын. Ойын-сауық барлығын көрдік. Бала-шағаларымды бәрін ертіп келдім. Көңіліміз көтеріліп, жақсы болып қалдық. Әртүрлі ойынның бәрін көрдік. Қазақтың әртүрлі дәстүрлері бар екен.

Қазақстандықтар мен шетелдіктерге көшпенділердің мәдениетін, ежелгі тарихымен салт-дәстүрін көрсетуге бағытталған шара әлі жалғасады. Ертең қонақтар құсбегілер мен саятшылардың өнерін, сондай-ақ, аламан бәйгені тамашалай алады.

Аманкелді СЕЙТХАН

 

Хабарламаларға жазылу