Ақмола облысында балаларға арналған қала сыртындағы 14 лагерь жұмыс істемей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында балаларға арналған қала сыртындағы 14 лагерь жұмыс істемей тұр

06.06.2019

Олардың қатарында қызметін 20 жыл бұрын тоқтатқандар да бар. Жергілікті билік демалыс орындарын қалпына келтіру үшін әрекет жасауда. Нәтиже жоқ емес. Биыл 2 лагерь жұмысын жандандырды. «Алайда жағдай оңалмай тұр»,- дейді мамандар.

Қатаркөл аймағында 10-нан астам балалар демалыс орны бар. Алайда оның басым көпшілігі қазіргі уақытта тоқтап тұр. Себептері сан алуан. Меншік иелері жұмысты қалпына келтіруге құлықсыз. Сондықтан нысандар қазір осылайша жабулы күйінде тұр.

Бұл салаға кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық аз. Себебі балалар демалысынан тапқан пайда  маусымдық табыс. 3 айға бола, нысандарды жыл бойы ұстап тұру оңай емес. Сондықтан бизнес өкілдері салықтық жеңілдіктер қарастыруды сұрайды. 

Павел Безвербный, кәсіпкер:

Алдағы уақытта барлық жеке меншік лагерлер жабылып қалса, мен таң қалмаймын. Себебі балалар демалысын ұйымдастырудың қиындықтары көп. Соған қарағанда демалыс орнын ересектерге бейімдеген біз үшін әлдеқайда жеңіл. Қазіргі уақытта біз де толық ересектерге, жанұялық демалысты ұйымдастыруға ауысуды қарастырып отырмыз. Сондықтан сүбелі өзгерістер қажет. Әйтпесе салдары ауыр болады-ау деп алаңдаймыз. 

Бүгінде Ақмола облысында арнайы комиссия құрылған. Олар балалар демалыс орындарының басшыларымен кездесіп, қандай көмек керектігін білуде. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы да ақпарат жеткізуде. 

Қайрат Сұлтанов, Республикалық балалар мен жасөспірімдер туризмі ассоциациясының төрағасы:

Қазір жан-жақты қолдау жасау керек. Мәселен, автобус алу - қиын. Асханаға арналған техника да қымбат. Оны ауыл шаруашылығындағы сияқты лизинг арқылы рәсімдеудің тетіктерін қарастыру қажет. Солтүстікте әрдайым жылыту жүйесі жұмыс істеп тұрады. Пештерді газға ауыстырып, арзандатылған газ берген тиімді. Кейбір заңдарға да өзгерістер енгізу керек. 

Қазір мемлекеттік бағдарлама бойынша егер нысанды жаңадан салса ғана жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге болады. Белсенділер балалар лагерлерін қалпына келтіру жұмыстарын да осы санатқа кіргізуді сұрайды. Бүгінде сауықтыру орталықтарын дамытудың жол картасы әзірленуде. Кәсіпкерлер осы құжатқа мол үміт артып отыр.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

Хабарламаларға жазылу