Елде 3 млн-ға жуық бала жазғы лагерьде демалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде 3 млн-ға жуық бала жазғы лагерьде демалды

11.08.2023

Елімізде 3 млн-ға жуық бала жазғы лагерьге барды. Он мыңнан астам мектеп жанындағы және 218 қала сыртында демалыс орындары жұмыс істеуде. Биыл сауықтыру орталықтарында оқушылардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға басымдық берілді.

Жазғы лагерь табиғаты көркем Айыртау өзенінің жағасында орналасқан. Мұнда спортпен кәсіби шұғылданатын балалар әр өңірден келіп демалады. Дзюдомен 9 жылдан бері айналысатын Еркен Бекәлі сауықтыру лагеріне жыл сайын келуді әдетке айналдырған. Олимпиада резервіне үмітті жас спортшылар үшін бұл үлкен мүмкіндік,- дейді ол.

Еркен Бекәлі, Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы:

Өзім Қажымұқан Мұңайтпасов интернатында оқимын. Спорт колледжінде. Осы жылы Қазақстан чемпионатынан үшінші орын алдым. Енді осы лагерьда дайындалып, сентябрьда мектепке дайындалып барамыз.

Лагерьде балалардың әр сағаты алдын ала жоспарланып қойған. 7-ден тұрып жаттығу жасайды. Қарағайлы орманның шипалы ауасы мен Айрыртаудың таңғы самалы спортшыларды сергітпей қоймайды.

Сұңғат Бахырам, Целиноград ауданы тасты ауылындағы №14 орта мектебінің оқушысы:

Күн сайын осы көркем табиғатта демалып, өзенге түсіп, тауға жүгіреміз. Біз тренировканы таңертен, сосын кешке жасаймыз. Бұл жердің ауасы да өте таза.

Ал Балалардың дұрыс тамақтануы үшін диетолог мамандар маусым сайын арнайы ас мәзірін дайындайды.

Күнқияш Изеева, аспазшы:

Асханада жұмыс істеу оңай емес. Біз бір күнде 100-ден астам балаға бес мезгіл тамақ дайындаймыз. Балалар тамақты жеп болғаннан кейін рахметін айтып, ризашылығын білдіргенде біздің шаршағанымыз басылып қалады.

Жобаның бір ерекшелігі-сауықтыру орталығында балалар жаттықтырушылармен бірге демалады. Сондықтан, әр бапкер спорт түріне байланысты арнайы бағдарлама құрып, бос уақытты тиімді өткізу жолдарын іздейді.

Алмас Жұмабеков, спорттық сауықтыру орталығының жетекшісі:

Оқу жылы біткенде өзіміз жоспарлаймыз. Қандай спорт түрлері дайындықтарын өткізгісі келеді. Олар өтініштерін береді. Шартқа отырамыз. Сол шарт бойынша дайындық болады. Мінекей, әр маусымда 150-дей бала осында демалады.

Жалпы Ақмола облысында биыл балаларға арналған 14 лагерь жұмыс істеп тұр. Соның арқасында 15 мыңнан астам оқушы табиғат аясында демалды. Ал жаз бойы күш жинап, шыңдалған жас спортшылар күзде халықаралық жарыстарда бақ сынайды.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу