Еуразиялық интеграция - ел игілігі үшін жасалып отырған қадам. Экономикалық одақ бірінші кезекте оған мүше мемлекеттердің қарапайым тұрғындарының тұрмысына оң әсер етуі тиіс.
Себебі, еркін тауар айналымы мен кедергісіз экономикалық байланыс өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына жол ашады.
Ал, бұл - өз кезегінде жұмыс орындарының көбейіп, елдің тұрақты табыспен қамтылуының кепілі.
Ресейлік экономист-сарапшылардың пікірі осындай.
Ресейдің Қазақстанмен арадағы тауар айналымы былтыр 18 миллиард АҚШ доллары болды. Соның 3 миллиард доллары Қостанай облысымен шектесетін Орал аймағына тиесілі.
Салыстырмалы түрде алғанда соңғы жылдары Қазақстанның көрші елге экспорты артқан.
Ресей сарапшыларының айтуынша, бұл қазақстандық Заң нормаларының озықтығының арқасы.
Игорь Аристов, Оңтүстік Орал сауда-өндірістік палатасының вице-президенті:
Ресейдің заңнамалық нормалары сіздерге ілесе алмай келеді. Мысалы, Қазақстанда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң бар. Сол заңның 26-бабы бойынша мемлекеттік сатып алу кезінде отандық өндірушіге басымдық беріледі. Осы норманы экономикалық одаққа мүше елдердің бәріне үлгі етіп ұсынса болады.
Сонымен қатар, Қазақстан ішкі нарықта зор сұранысқа ие тауарларды өз бетінше өндіруге талпыныс жасап келеді.
Мысалы, Қостанайда ресейлік және беларусьтік кәсіпорындармен бірігіп, ауыл шаруашылығы техникалары, комбайндар құрастырылады. Бұл - импортты алмастыруға бағытталған қадам.
Андрей Беседин, Орал сауда-өндірістік палатасының президенті:
Еуразиялық экономикалық одақ болсын, Кеден одағы болсын, бұлардың бәрі экономикалық қарым-қатынастағы кедергілерді жоюға бағытталған. Мысалы, біздің палата атқаратын кедендік рәсімдеу, сертификаттау тәрізді жұмыстар 40 пайызға қысқарды. Кеден одағы құрылған соң кәсіпкерлерге мұндай қызмет түрлері қажет болмай қалды. Яғни, екі елдің арасындағы экономикалық байланыс артық кедергіден арылды.
Кедендік одақ тауар тасымалдауға ғана емес, екі елдің аумағында тұтастай жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Андрей Беседин қазір қазақстандық инвесторлардың, өңірдегі ірі өндірістердің біріне иелік ету мақсатында келіссөздер жүргізіп жатқанын айтады.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қазақстан үшін Ресеймен арадағы интеграция көлік транзитіне жол ашады. Мысалы, Қостанаймен шектесетін Свердлов облысы қос құрлықтың арасын жалғап жатыр.
Яғни, Еуразиялық одақ қазақстандықтардың «қарт құрлыққа» қадам басуын едәуір жеңілдетеді. Ал, даму жолына жаңа түскен ел үшін мұндай кез келген жеңілдік - экономиканың ілгерілеуінің кепілі.
Дәуренбек ӘБДІБЕК