Теріскейлік диқандар былтыр  әлемнің 37 еліне жарты миллион тоннадан астам майлы дақылдар экспорттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейлік диқандар былтыр  әлемнің 37 еліне жарты миллион тоннадан астам майлы дақылдар экспорттады

29.05.2019

Өңірде ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары биыл да жалғасып келеді. Осының арқасында 1 миллион гектар жерге  майла дақылдар  егілді. Бұған қоса бұршақ тұқымдастардың да алқабы  өсті.   

Биыл теріскейде 4 миллион гектар алқапқа егін егіледі. Соның  1 миллионы майдлы дақылдарға бөлінді. Нарықтың парқын ұққан диқандар, мұндай қадамға баруымыздың себебі майлы дақылдарға деген сұраныстың  артуында дейді.

Ермек Мауытовтың агроном болып еңбек етіп жүргеніне 20 жылдың жүзі болды. Білікті маман ретінде бірнеше шаруашылықта кеңесші ретінде қызмет атқарады. Диқандар соңғы уақытта майлы дақылдарды өсіруге бет бұрды, мұнысы дұрыс шешім деп бағалайды.  

Ермек Мауытов, агроном:

Жалпы будандастырудан пайда 2-2,5 есеге өседі. Мысалы, рапс орамжапырағы, зығыр бидаймен салыстырғанда, 2,5 есе қымбат. Ал қайта өңделсе, одан да көп пайда табуға болады.

Биыл теріскейде тағы бір жоба қолға алынды. Облыстық әкімдік пен ауылшаруашылығы министрлігі бірігіп «Солтүстіктің соясы» бағдарламасын жүзеге асырмақ. Осының арқасында   нарықта бәсі артып, сұранысы артқан бұршақтың алқабы кеңейді.

Нарғыз Ақжігітова,   облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы

Ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстанда соя алқабы 15 мың гектар болады. Соя ақуызға өте бай дақыл, экспорт болсын, импорт болсын сұранысы жоғары. Қазір, негізінен, бізден оны Қытай сатып алып жатыр.

Дақылдардың майлысын өсір, пайдасы оның көл көсір. Бұл – қазіргі диқандардың ұстанымы. Ауыл шаруашылығы  тәуекелі мол кәсіп, оның пайдасын  жыл сайын емес, 4-5 жыл сайын ғана есептеу керек. Жерді тыңайту үшін ғана емес, тынықтыру, шығымын арттыру үшін  бидай мен зығырды, рапс орамжапырағын   кезек  егу керек, сонда шығымы артып, шығыны азаяды дейді аграномдар.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу