Теріскейде биыл 259 мың гектар алқап табиғи апаттан сақтандырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде биыл 259 мың гектар алқап табиғи апаттан сақтандырылды

12.08.2019

Теріскейде биыл 259 мың гектар алқап табиғи апаттан   сақтандырылды. 203 мыңы майлы, 55 мыңы дәнді дақылдар.  Бұл өңірдегі барлық алқаптың тек 8 пайызы ғана.  Мамандардың айтуынша, сақтандыру әр шаруашылықтың жеке ісі, жыл жақсы болса, сақтандыру қорының көмегіне жүгіне қоймайды. 

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4 миллион 200 мың гектар алқапқа егін себілді. Мамандардың айтуынша, қазір егіннің шығымы жақсы. Әсіресе майлы және бұршақ дақылдардарының өнімі көп болмақ.

Ақан Барлыбаев, Шаруа қожалығының басшысы:

Минералдық тыңайтқыш себілген алқаптардағы сояның шығымдылығы жақсы. Сабағы да ұзын, 3 бұршақтан байланыпты.  Тамыры да мықты. Сондықтан астық өсіргенде  технологияны пайдалану керек, тыңайтқыштар шығымдылыққа әсер етеді. Жалпы жыл жаман емес, астық мол болуы тиіс.

Егіс  алқаптарын  сақтандыру әр шаруашылықтың өз еркі. Яғни алдын ала болжам жасап, табиғи қауіп болған кездерде ғана сақтандыру компаниясының көмегіне жүгінеді. Мысалға былтыр 1 миллион 414 мың гектар алқап сақтандырылса, биыл бұл көрсеткіш 200 мың гектардың көлемінде. 

Ерболат Бекшенов, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

Биыл Есіл ауданындағы «Асхат-Агро» серіктестігінде 77 гектар алқаптағы рапс бұршақтан зардап шекті. Сақтандыру компаниясы шығындарын өтеді. Қазіргі күні ғаламтордың арқасында шаруалар ауа-райын, төнер қауіпті біліп отырады. Сондықтан сақтандыру компанияларына тек құрғақшылық, жауын-шашын мөлшерден көп болатын кездерде ғана барады.

Енді бірер күнде теріскейлік шаруалар егінге орақ салады. Жыл сайын 5 миллион тоннадан кем астық жинамайтын қызылжарлық диқандар биыл да мол өнім аламыз деп үміттеніп отыр.

Сағындық  СӘБИТҰЛЫ           

Хабарламаларға жазылу