330 мыңнан астам тұрғыны бар Атырау қаласында бағдаршам жеткіліксіз. Бұл мәселе жаяу жүргіншілер мен көлік иелерін алаңдатып отыр. Халық көп жүретін кейбір көшелерде арнайы белгінің жоқтығынан - оқыс оқиға жиілеп кеткен көрінеді.
Мәселен, өткен жылы бағдаршаммен реттелмеген жол өткелдерінде - 40-қа жуық көлік апаты тіркеліп, 5 адам қаза тауыпты.
Қаладағы бағдаршамы жоқ нүктенің бірі орталық базар алдындағы мына жол. Бұл жерге тіпті жаяу жүргіншілерге арналған белгі де орнатылмаған. Әрі -бері өтетін адам жанын шүберекке түйіп, қадам басуға мәжбүр.
Бағдаршамның жетіспеушілігінен соңғы екі жылда 50-ге жуық жол көлік оқиғасы тіркелді. Бұл тек ресми сандар ғана. Ал, қала ішінде оқыс жағдай екі күннің бірінде болады. Жайсыздыққа тұрғындар наразы.
Бүгінде қаладағы 47 жол қиылысына 50-ден астам бағдаршам орнатылған. Қозғалысты реттегіш құрылғыдан жиі ақау шығатын көрінеді. Кемшілікті реттеу үшін, өткен жылы мемлекеттік сатып алу жарияланады. Алайда, жеңімпаз болған мекеменің үстінен арыз түсіп, жұмыстар киінге шегерілді.
Қуаныш Ибрагимов қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
Тендер өтпей қалды. Күні бүгінге дейін әлі жеңімпаз мекеме анықталмай отыр. Бағдаршамдарымыздың дұрыс істемей жатқаны сондықтан. Осы мамыр айында мердігер анықталады деп отырмыз.
Атыраудың өзінде 150 мыңнан астам автокөлік бар. Нормаға сай, көшелерге 100 мыңнан астам арнайы белгі орнату ұсынылды.
Бақытгүл Сәрмекова, Облыстық полиция департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы:
Полиция департаментінің ұсынысымен былтыр 300- ден астам жол белгісі орнатылды, ал биыл 2700-ге жуық жол белгісін орнатуға ұсыныс беріліп отыр.
Биыл 9 көшеге 9 жаңадан бағдаршам қойылып, 17-не жөндеу жұмыстары жасалады. Осылайша, жергілікті билік жол қауіпсізідігін күшейтуге күш салмақ.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ