Ауылдың гүлденуі - елдің гүлденуі
Бір жылдары Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Ақылбай ауылының тұрмысы тұралап қалған еді. Уақыт өте келе бұл ауылдың тірлігі қайта түледі.
Оған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көмек қолын созған серіктестіктің септігі зор.
Бурабай ауданында Кенесары деп аталатын ауыл бар. Осында 2006 жылы құрылған өндіріс орны ауылдың ахуалын түзеуге өз үлесін қосып келеді.
Серіктестік негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Биыл 40 мың гектар жерге дәнді дақылдар екті. Оның 50 пайызы майлы дақылдар мен мал азығы.
Бір жылдары Елбасының өзі осы алқаптың жайымен танысып, серіктестік басшысына еңсерген еңбегі үшін алғысын білдіріпті.
Асылбек Исмағанбетов, ЖШС директоры:
Үкіметке, Елбасымызға үлкен алғысымды айтамын. Үкіметтің көмегінің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Егіс алқабына үнемі субсидия беріліп отырады. Соны алып отырмыз.
Серіктестікте қазір 250-ге жуық ауыл тұрғыны еңбек етеді. Бұдан басқа бұл еңбек ұйымы тұрмысы тұралаған басқа да елді мекендерге шапағатын тигізуде. Ақылбай ауылында қолынан іс келетін мамандарды біріктіріп, кондитер цехын ашты.
Қазір мұнда екі маман торт пісірумен айналысады.
Гүлмира Мұқышева, цех жұмысшысы:
Осында жұмыс істеп жатқаныма жарты жылдай болды. Күніне 20-ға жуық торт пісіреміз. Жан-жағымыздағы ауылдар келіп алады.
Сонымен қатар, серіктестік Ақылбайда дүкен, наубайхана мен мейрамхана ашты. Сөйтіп, жұмыс іздеп жүрген 20 адамға табыс көзін тауып берді, әрі ауылдың өркендеуіне үлес қосты.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы