Алматыда «Сатушысыз касса» ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Сатушысыз касса» ашылды

15.05.2019

Ол жерден адамдар тауардың ақысын төлеуге де, төлемей өтуіне де болады. Осы арқылы тұтынушылардың адалдығы тексерілмек. Жоба нәтижелі болса, бірнеше сауда орталығында ашу жоспарда бар. Бірақ, оған тұрғындар дайын ба? Бұған дейін осы жүйе бойынша іске қосылған метро бекеттеріндегі ашық турникеттерден қанша адам жол ақысын төлемей өтті? Тілшіміздің сюжетінен білейік.

Сауда орталығындағы мына касса таңнан кешке дейін осылай ашық тұрады. Бір қызығы, мұнда саудагер жоқ. Тұтынушылар өздеріне керекті тауарды алып, ақысын кассалық аппарат арқылы есептеп, өз еркімен төлейді. Төлем кезінде кез келген банк картасын қолдануға болады.

Александр Братенков, «Алматы адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

Мұндай дүкендер әлемнің бірнеше мемлекетінде бар. Скандинавия және Шығыс Азия елдері осындай форматта көптен бері жұмыс істеп келе жатыр. Сондықтан, біздің елде әлемдік трендтен қалмауы тиіс. Өйткені, болашақта кассирсыз кассалар көбеюі мүмкін.

Бұл Алматылықтардың адалдығын анықтауға арналған алғашқы жоба емес. Естеріңізде болса, қыста «Алмалы» және «Абай» метро бекеттерінде турникеттер алынып тасталған еді. Мамандардың айтуынша, метродағы осы уақытқа дейінгі көрсеткіштер көңіл қуантады.

Елнар Игіліков, қалалық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы:

Метро бойынша айтар болсақ, «Алмалы» бекетінде сол метродан өтті. Жүріп өтті. Ары да, бері де сонда 12 мың деп саналады. Содан 48 адам төлемей өтті деп бізге мәлімет берді. Бір айдың статистикалық нәтижесі бойынша. Соған қарап отырғанда процентке шаққан кезде 00,4 жүзден 4 процент деуге болады. Ол деген өте аз және қазақ халықтың санасы деген дұрыс деп атап өтуге болады.

Мұндай кассаларды алдағы уақытта үлкен сауда орталықтарына енгізу жоспарланып отыр. Өйткені, мұндай қадам бүгінгі буынды ізгілік пен шындыққа тәрбиелеудегі оң істердің бірі, дейді мамандар.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу