Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық - Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық қатынастардың құрамдас бөлігі.
Бүгінде екі жақта бірлескен агроқұрылымдар қызмет етіп, серпінді жобалар жүзеге асуда.
Орынборлықтар осы салада елімізбен тиімді әріптестік қатынастарды жолға қойып отыр. Ондаған шаруашылық қазақстандық әріптестерімен байланыс орнатып, өзара алыс-берісті арттырған.
«Димитровский» асыл тұқымды мал зауыты – Орынбор өңірінде қазақтың ақбас сиырын өсіретін ірі шаруашылық. Бес жыл бұрын банкрот қаупі төнген агроқұрылымды жаңаша түлеткен Александр Заверюха.
Саланы жетік білетін кәнігі маман алдымен табынның тұқымдық құрамын асылдандыруға мән берді. Бұл үшін қазақтың ақ бас сиырының отаны Орал өңірінен асыл тұқымды бұқаларды алдыртты.
Александр Заверюха, «Димитровский племзавод» ЖШҚ құрылтайшысы:
Қазіргі таңда табынды толық қалпына келтірдік. Шаруалардың, соның ішінде қазақстандық әріптестердің біздің малға деген қызығушылығы жоғары. Жыл басынан Қазақстанға 100-ден астам бұқа саттық.
Биыл 100 сиырдан 90 бұзаудан алған шаруашылықта 2,5 мың ірі қара бар. Компьютерлендірген есеп орталығында әрбір торпаққа құжат толтырылып, апта сайынғы өсімі бақылауға алынған.
Бәлия Байшімова, селекционер, зоотехник:
Мұнда біздер жоғары өсім берген тайыншалардың тізімін жасаймыз. Әсіресе, ірі бұқашықтар іріктеледі. Олар болашақта табынның тұқымдық құрамын жаңартуға мүмкіндік береді.
Ірі шаруашылықта 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Солардың бірі тәжірибелі бақташы - Қыдырғали Көптілуев. Оның отбасы осы зауытта құрылғалы істеп келеді. Әкесі ғұмырының 40 жылын арнаса, Қыдырғалидың жұмыс істегеніне 30 жыл болыпты.
Қыдырғали Көптілеуов, бақташы:
Оның бұзауын туғызу керек, көтеру керек. Жұмысы көп. Көп болса да алға жүргізіп жатырмыз.
Орынбор облысындағы ірі қараның 60 пайызы қазақтың ақбас сиыры. Жыл санап аймақта осы тұқымды өсіруге бел буғандар қатары артып келеді.
«Сондықтан, малды асылдандыру, ет экспорты саласында өзара ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік мол», дейді профессор Сергей Мирошников.
Сергей Мирошников, Бүкілресейлік етті мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры:
Біздің фермерлер бордақылау кешендерін малмен қамтыса, кейін бұл дайын ет ретінде Қазақстанға экспортталар еді. Сондай-ақ, Қазақстанның солтүстігіндегі, Ресейдің оңтүстігіндегі жайылымдарды етті бағыттағы малға толтыру үшін де бірлесе жұмыс істегеніміз абзал.
Малмен қатар, егін шаруашылығында да екіжақты әріптестік байланыстар бекіп келеді. Қазіргі таңда қазақстандық «Иволга Холдинг» компаниясы Орынборда серіктес кәсіпорын құрып, аймақта астық алқаптарын кеңейтуде.
Рауан ДИӘЛИ