Сапасыз өнім шығынға батырды

19.03.2019

Маңғыстаудағы бекіре зауыты отандық азық өндіруші компанияның кесірінен құрдымға кете жаздады. Алматыдан әкелген өнім сапасыз болып, 6 мың балық қырылып қалған. Кәсіпорынға 5 млн-ға жуық шығын келді. Кәсіпті дамытуға одан өзге де кедергі көп. Салдарынан 4 жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын әлі жобалық қуатына жете алмай отыр.

Өңірдегі тұңғыш әрі жалғыз балық зауыты жылына 60 тонна бекіре өнімін нарыққа шығаруы тиіс болатын. Бүгінде тек 20 тонна балық етін сатты. Межеге жету мүмкін болмай тұр. Кәсіпорын алғашқы жылы шабақты Атырау балық зауытынан алып келді. Кейін олардың балығы өздерінен артылмай қалған. 3 жылдан бері зауытта шабақ жетіспейді. Шетелден шабақ пен уылдырық алдыруға кәсіпорынның шамасы жетпейді. Өзге елдің жемі де қымбат. Сондықтан отандық өнімге көшіп, оңбай опық жеді.

Тұрсынгүл Жақыпова, балық зауытының директоры:

- Азықтың сапасыздығынан қиындық көріп, 1,5 жыл отырып қалдық деуге болады. Салмақ жинап келе жатқан 600 дана балығым қырылып қалды.

Шабақтарды өсіру оңай шаруа емес. Баладай мәпелеп, бабын табу қажет. 3 грамдық шабақтан 2 метрлік бекіре өсіреді. Балықтың етіне сұраныс көп. Қазір Астана, Алматы, Ресей асып жатыр. Өнімді көбейту үшін, балықтың уылдырығын дамыту қажет. Ал, мұндай күрделі әрі жауапты іске мемлекеттен қолдау керек.

Тұрсынгүл Жақыпова, балық зауытының директоры:

- Әкімдікке, ауыл шаруашылығы басқармасына қайта-қайта арызданып, тапсырыс беріп, ақша сұрадық. Әрине, 2 жылдай ала алмадық. Кеше облыс әкімі қолдауымен грант ұтып алдық.

Содан бері зауыттың жұмысы қыза түсті. Ғылыми қызметкерлер 10-15 келі балықтарды сұрыптап, аналықтарын бөлді. Оларды көктемге дейін ашық аспан астында бағады. Сол үшін далаға хауыздар жасайды.

Нейла Булавина, Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері:

- Балықтарды арнайы аппаратпен тексеріп, уылдырығы пісіп-жетілгендерді анықтап жатырмыз. Аналық балықтар көп екен. Нәтижесін көктемде көреміз. Шабақтардың жетіліп кетуін жылдың соңына дейін өзіміз бақылаймыз.

Қазір кәсіпорында 20 мың дана балық бар. Оның 500-ден астамы уылдырық беруі тиіс. Уылдырық алу, одан шабақ өсіру процесі ойдағыдай іске асса, зауыт консервіленген уылдырық сата бастайды. Оған қоса, биыл шамамен 15 тонна балықты сатылымға шығару жоспарда. Кәсіпорын басшылығы осылайша тығырықтан шығуды көздеп отыр.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу