Жұртта қалған жалғыз үй. Теріскейдегі ауылда бір ғана адам қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұртта қалған жалғыз үй. Теріскейдегі ауылда бір ғана адам қалған

15.03.2019

Солтүстік Қазақстан облысындағы Янцен ауылында қазір жалғыз ғана адам тұрып жатыр. Елді мекен Петропавл қаласының дәл іргесінде орналасқанымен, көпшілік әлдеқашан ол ауылдан көшіп кеткен.

Янцен ауылы облыс орталығы Петропавлдан - 40 шақырым, ал мына күре жолдан небары 600 метр жерде ғана орналасқан. Жергілікті билік бұл ауылды мүлдем санаттан шығарып тастаған секілді. Өйткені жол мүлдем тазаланбаған.

Цыган мен Занда. Жұртта қалған Александрдың қазіргі серігі осы ит пен мысық. Қарияның жапанда қалған елді мекенде жалғыз тұрып жатқанына 4 жылдан асты.

Александр Бурмагин, ауыл тұрғыны:

- Ешкім кедергі келтірмейді, өзіммен-өзім табиғат аясында. Жазда жеміс-жидек, саңырауқұлақ теремін. Балалар ұмытпайды, келіп тұрады. Өзім барғым келмейді, кете алмаймын ауылымнан.

«Кезінде ауыл дүрілдеп тұрды, 100-ге жуық түтін болды»,-деп еске алады ол. Александр ауылда мал шаруашылық саласында қызмет істеген, балаларының бәрі осында өсіп жетілді. «Қазір олардың бәрі қалада, ал менің қалаға барғым жоқ»,-дейді. Қария жаз болса, көкөніс егіп, қысқа қам жасайды. Ал, қыста сыпыртқы буып, саудалайды. Өзі жасап алған шаңғысына мініп, көрші ауылға қатынайды. Отын-суын өзі дайындайды.

Жалпы, облыс бойынша былтыр 103 ауылдың болашағы бұлыңғыр деп танылды. Биыл олардың қатарына тағы 8 ауыл қосылды. Жұрты ғана қалған елді мекендер көбеймесе, азаймай тұр. Өкініштісі де осында. Александр секілді барар жері жоқтар мен туған ұясын қимайтындар ғана отым сөнбесін деп, жіпсіз байланып отыр.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу