Солтүстік Қазақстанда 112 елді мекен жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда 112 елді мекен жабылуы мүмкін

11.06.2021

Солтүстік Қазақстанда 112 елді мекен жабылуы мүмкін. Адам саны 50-ден аспайтын ауылдар «болашағы бұлыңғыр» санатына жатқызылады. Өңірде тіпті жалғыз тұрғыны қалған ауылдар да бар. Олардың саны үшеу. Солардың бірі Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылына барып келген әріптесім Эльмира Кәленова тарқатсын.

 Эльмира Кәленова, тілші:
Амангелді ауылында бір кездері 100-ге тарта шаңырақ болған. Мектеп жабылған соң, тұрғындар біртіндеп жан-жаққа көшіп кетіпті. Қазір иесіз қалған үйлер осылайша қирап жатыр.

Бір кездері дүркіреп тұрған елді мекенде тіршілік нышаны байқалмайды. Клуб, мектеп, дүкен, медициналық пунктен үйінділері ғана қалған. Ауылдастары көшкенде Әділхан Байтасов, елде қалуды жөн санапты. Қазір оның жалғыз серігі осы көк ат. Нәпақасын да жылқы бағып тауып отыр.

Үйір-үйір жылқыны елең-алаңнан өріске айдайды. Қыбыр еткен тірі жан болмаса да көшені малға таптатпай, ауыл ішімен емес, сыртпен жүргенді жөн көреді. Елдімекенде су да жоқ, әзірге жарық бар. Ауырса өзі емделеді, көлігін де өзі жөндейді.

Әділхан Байтасов, ауыл тұрғыны:
Әке-шешемді көшірдім. Қиын жағдай болады деп, кім біледі, жол ашпайды. Қалада тұра алмаймын, жұмыс жоқ.  Мен өзім қожайынмын қазір. Ауылдың жылқылары бар, сырттікі бар. Оны мен қайда жіберемін? Ауылда өсіп қалған қимайсың.

Қазір өңірде 635 ауыл болса, соның 112сі- болашағы бұлыңғыр саналады. Бұл елді мекендерде 2 жарым мыңнан астам адам тұрып жатыр. Көпшілігінде мектеп жоқ.

Жанар Ахмиева, Экономика басқармасының бөлім жетекшісі:
Мониторинг жылдың басында өткізіледі, аудандық әкімдіктердің есептері бойынша. Соңғы 5 жылда Солтүстік Қазақстан облысында 38 елді мекен заңға сәйкес жабылды.

Жұртта қалса да Әділхан Байтасовтың ауылдан кеткісі жоқ. Керісінше, кіндік қаны тамған туған жерге әлі талай қазақтың оралатынына сенімді. Сондықтан кезінде дүрілдеп тұрған Амангелдінің жалғыз шаңырақ болса да, түтінін түтетіп отыра бермек.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу