Риддер қаласында 1 отбасы көпқабатты тұрғын үйде 20 жылдан бері жалғыз тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласында 1 отбасы көпқабатты тұрғын үйде 20 жылдан бері жалғыз тұрып жатыр

11.01.2019

Жұртта қалған жалғыз отбасы. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 1 отбасы көпқабатты тұрғын үйде 20 жылдан бері жалғыз тұрып жатыр. 5 қабатты баспанадан жұрт әлдеқашан көшіп кеткен. Шағын шаһарда құрылысы толық бітпеген үйді паналағандар да бар. Жалпы, халқының саны 60 мыңға жуық қалада қаңырап бос қалған ғимарат көп.

Іргетасы 1990 жылдардың басында қаланған 5 қабатты үйдің бір бөлігі сол қалпы салынбай қалған. Бірақ, бұған қарамастан, 152 пәтерге жұрт кіріп алған. Содан бері құрылыстың біткенін күтіп жүрген тұрғындардың енді үміті үзіле бастады. Әрі балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

Қыдырбек Әміренов, қала тұрғыны:

- Жоғарғы, орта сыныптың балалары келіп ойнайды. Қабаттан қабатқа жүгіріп шығады. Құлап, аяқ-қолдарын сындырып, мертігіп қала ма деп қорқамыз. Одан кейін, жазда сасық иіс шығып тұрады.

Тұрғын үйдің салынбай қалған бөлігін кезінде бір кәсіпкер сатып алған. Сондықтан, жергілікті биліктің жекеменшік нысанда шаруасы жоқ.

Берік Көшербай, тілші:

- Риддер қаласында тағы бір 5 қабатты ғимарат бар. Бұл бұрынғы ет комбинатының жатақханасы. Ең қызығы, мұнда әлі күнге дейін 4 бөлмелі пәтерде адамдар тұрып жатыр. Ивановтар отбасының бұл жерде жалғыз қалғанына 17 жылдан асыпты.

Ивановтардың жұртта жалғыз қалғаны болмаса, үйі ел қатарлы орталық жылуға қосылған, суы мен жарығы, интернеті бар. 

Татьяна Иванова, қала тұрғыны:

- Мұнда Ивановтар отбасы тұратынын бәрі біледі. Қаламыз кішкентай ғой, адамдар бір-бірін жақсы таниды. Кейде қаланың орталығынан таксимен келгенде, қайда апару керек деп сұрайды. «Замок ИФ» деп әзілдеймін. Сосын, Қарағанды көшесіндегі үй деп айта бастасам, бірден түсінеді.

Көпқабатты тұрғын үйдегі 42 пәтердің 32-сі иесіз деп танылып, қаланың коммуналдық балансына өткен. Ал, қалған 10 пәтердің құжат бойынша иесі бар. Тұрғын үй саласына жауапты мамандар қаңырап тұрған ғимаратты қалпына келтіру үшін кәсіпкерлерге қолқа салған. Бірақ, одан түк шықпаған. Енді техникалық жағдайын тексеруге бюджеттен ақша бөлмек. 

Қуат Мухамедчинов, қалалық ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

- Инструменталды зерттеу жасалып, нәтиже болғаннан кейін, ол үйдің жағдайы апаттық деп танылуы мүмкін. Сосын жазға таман үйді бұзып, жерді босатып, басқа құрылыс нысанына арнаймыз.

Тұрғын үй апатты деп танылса, пәтер иелері баспана кезегіне тұрады. Ал, Татьяна Иванова болса, талай қуанышты күндері өткен үйдің қайтадан құтты мекенге айналғанын көргісі келеді.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу