Ауызсудан тарыққан ауыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауызсудан тарыққан ауыл

11.03.2019

Түркістан облысындағы Ұзынарық ауылының тұрғындары таудың қасында, бұлақтың басында отырғанымен әлі күнге ауызсудан тарығып отыр. 200-дей түтіні бар елді мекенге осыдан 15 жыл бұрын ұңғыма қазылып, су жүйесі тартылған. Алайда, жерасты суы қорының аздығынан құбырлар бүгінде жұртқа су емес, тек көшелерге сән беріп тұр.

Ғани Қалмаханов, тілші:

- Мынау мемлекеттің қыруар қаржысына жүргізілген таза ауызсу құбырының торабы. Бұдан қайран болмаған соң, ауылдағы шамасы келген жұрт есігінің алдынан мынадай құдық қазып алған. Тереңдігі 14-15 метр болатын құдықтың суы ащы әрі лас болғанымен жұрт амалсыз осымен өзегін жалғап отыр.

Кезінде орнатылған есептегіш құралдары мен құбыр арқылы әлі күнге су жүрген емес. Қаңсыған күйі тұр. Құбыр суы тек етекте орналасқан 40 шақты үйге ғана барады. Онда да аптасына 2-3 рет сағаттап қана ағады.

Әлия Сейітханова, ауыл тұрғыны:

- Су ала алмай қалсақ, қолымызға шелегімізді алып, құдықтарға барамыз. Ол құдықтарда да су тартылып кеткен.

Бұл қиындық геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы «Қазнедр» мекемесінің жұмысындағы шалағайлықтан туындады. Жерасты барлау нәтижесіне сай қазылған ұңғымадағы су қоры жеткіліксіз болып шықты. Демеушілердің қаржысымен осыдан екі жыл бұрын тағы қаздырды, бәрібір жұрт мейірі қанып су іше алмай-ақ қойды.

Жанболат Әштаев, ауыл тұрғыны:

- Қонақтық-жиындарда суды көрші ауылдан тасимыз.

Жұмабай Беков, ауыл тұрғыны:

- Балаларымыз ауруханадан шықпайды. Өне бойы сонда. Нашар су ішеміз. Аудандағылар жылда уәде береді. Орындамайды.

Жер астындағы су жетпейтін болған соң жергілікті билік іргедегі Жаңғақты бұлағынан ауылға су әкелуді ойластырып жүр. Бұл жобаның айтылғанына да біраз жыл болды.

Нұрлан Оспанов, Төле би ауданы әкімдігі ТҮКШ және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жерасты су қоры анықталған жағдайда біз тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін қаржы бөлдіріп, 2020 жылы ауызсу құрылысы басталады деген ойдамыз.

Әзірге бұлақтан шығып жатқан судың мөлшері сағатына 90 текше метр ғана. Бұл 2 мыңға тарта тұрғыны бар ауылдың қажетіне жетпейді. Сондықтан қосымша тағы су көздерін іздестіріп жатыр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу