ШҚО-дағы Дөненбай ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы Дөненбай ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр

09.10.2017

Шығыс Қазақстандағы Аякөз ауданына қарасты Дөненбай ауылында халық ауызсудан таршылық көріп отыр. Елді мекендегі 200 шаңырақ тіршілік нәрін құдықтан тасып ішеді. Осыдан 10 жыл бұрын ауылға су келеді дегенде мұндағы ел қатты қуанған еді. Алайда, таза су тұрмақ, әлі күнге дейін оның жобалық-сметалық құжаттары да дайын емес көрінеді. Тіршілік нәріне тарыққан ауылдың бүгінгі ахуалы жайлы тілшіміз баяндайды.  

- Жасы 70-тен асқан Естай Саматов осы жердің тумасы. Жастайынан еңбекке араласып, енді зейнетін көремін дегенде ауызсудан тарығамын деп тіптен ойламаған. Қазір ауылдағы ағайын тіршілік нәрін 4 құдық пен жалғыз бастаудан тасып ішіп отыр. Қоршау болмағаннан кейін мал да осында жиналады. «Қосымша құдық қазғанмен, ащы су ішуге жарамайды», - дейді тұрғындар.

Естай Саматов, Дөненбай ауылының тұрғыны:

- Енді осыған кім мән береді? Кім көңіл бөледі? Айтамыз, айтамыз қалады. Қыстың күні мүлдем су ала алмаймыз. Өйткені, қар басады. Кейде ашылады, кейде ашылмайды. Қарды ерітіп ішеміз. Жасыратын не бар?

- 2007 жылы ауылға су тарту үшін жұмыстар істелгенмен еш нәтиже болмаған. Ал, осыдан 3 жыл бұрын «Алтайгеосервис» серіктестігі жоба жасауды тендер арқылы ұтып алып, істі қосалқы мердігерге тапсырған. Бірақ, екі мекеменің арасында қаржылық келіспеушілік туындап, жұмыс тағы да аяқсыз қалған. Енді қарапайым халық мұның зардабын шегіп отыр. Жыры таусылмаған жағдайға жауапты орындардың айтар өз уәжі бар.

Болат Мұстафаев, Аякөз аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Жобаны биыл сәуірде бергенбіз. Алайда, ескертулер болып, сараптамадан өтпей қалды. Тамызды қайта бердік. Қазір жоба мемлекеттік сараптамаға енгізілді. Алдағы күндері аяқталады деп отырмыз. Соған сәйкес, жұмыстарды бастап, су құбырларын тартуға бюджеттік өтінім береміз.

- Сиырқұйымшаққа салынған істе жобаның қашан дайын болатыны, оны жүзеге асыратын қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз. Құрылыс жұмыстарының басталатын уақытын дөп басып айту да қиын. Сондықтан, жағдай бір жақты болғанша дөненбайлықтарға әлі талай уақыт суды тасып ішуге тура келеді.

 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу