Жамбыл облысындағы Қапал ауылы ауызсудың азабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы Қапал ауылы ауызсудың азабын тартып отыр

31.05.2018

Жамбыл облысында бүтіндей бір ауыл ауызсудың азабын тартып отыр. Екі күнде бір келетін болар-болмас ауызсуды бөліп ішіп, арықтың балдыр басқан суын шаруаға жаратып амалдауда. Өйткені, осыған дейін халықтың қажетіне жарап келген құдық та тартылып қалған. Жергілікті атқамінерлер жағдайға жақсы қанық. Алайда, жыл сайын құрғақ уәдеден аса алмай келеді.

Облыс орталығынан қарға адым қашықтықта орналасқан Қапал ауылы қара суға зар болып отыр. Бұған дейін жер құдықтан су ішіп келді. Қазір мұнда да су сарқылған. Ауызсудан тарыққан тұрғындардың арызына құлақ асқан ешкім жоқ. 

Сексеннің сеңгіріне жеткен Үриякүл әже әлі күнге құдықтан су тартады. Оны да әупіріммен өздері қазып алған. Тастақты жер болған соң,  құдық суы тартылып қалғалы біраз уақыт. Енді екі күнде бір келетін көліктің жолын тосып әлек. 

Үриякүл Байгөбенова, ауыл тұрғыны:

- Үкімет әрекетсіз отырғанына таңым бар. Қаланың түбінде отырмыз. Мойынқұм, Шу жақ болса, мейлі. Енді қайтеміз?!

Мөлшермен бөлініп берілетін ауызсудың тазалығы мен сапасы да күмәнді. 100 литр су бір үйлі жанның бір күндік қажетіне жетпейді де. Билік жыл сайын уәде береді, бірақ, ауыл халқы оларға сенуден қалған.  

Бақыт Садырбаев, Жамбыл ауылдық округінің әкімі:

2010 жылы осы жерге 10 піспе құдық жасап едік, суы тартылып, сол мәселе осы уақытқа дейін шешілмей келеді. 2015 жылы 938 млн-ға ЖСҚ дайын болып, сараптамадан өткен. Қаржы бөлінген. Оны жылдың басында тартып алды. 1 млрд. 738 млн-ға ЖСҚ қайта дайындалды, оның мемлекетттік сараптамасы бар. Жұмыс енді басталады.

Жергілікті шенеуніктің тұспалды сөзі қапалдықтардың биыл да қара сусыз қалатынынан хабар беріп тұрғандай.  Десе де, ауызсудың азабын тартқан бұқара тиісті мекемелердің есігін қағып, табалдырығын тоздыруды тоқтатпауға тас бекінген.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу