Павлодарлық машина жасаушылар жаңа кранды сынақтан өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық машина жасаушылар жаңа кранды сынақтан өткізді

21.02.2019

Грейферлі, қарапайым тілмен айтқанда қайшылы қармағышы бар кран шыңыраудан шыққан кенді теміржол вагондарына тиеу үшін қажет. Бастапқыда отандық кәсіпорындардың қажеттілігіне жасалған жаңа техникаға енді Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер тарапынан тапсырыс түсе бастаған. Қазақстанда алғаш құрастырылған алып крандарға шетелдіктер неліктен ықылас білдіріп отыр?

Төрт тағанды алып кранды жасау үшін зауыт конструкторлары түгелдей жұмылдырылған. Агрегаттары күшейтіліп, бүкіл жабдықтары жаңартылды. Ал, мынау қайшылы қармағышы. Кәдімгі кранға көтеретін жүкті іліп беру қажет болса, бұл өздігінен қармап алып, көтеріп әкетеді.

Евгений Холодов, көтергіш құралдар жасау цехының шебері:

- Біз қосалқы жабдықтарды мейлінше азайтуға тырыстық. Мәселен, кранның жетегіндегі редукторды білікке кигізіп қойдық. Бұл кранның салмағын азайтып, жылдам қозғалуына мүмкіндік береді. Сынған кезде ақау шыққан жерді бірден табуға болады.

Модерзацияның тағы бір пайдасы жүк көтергіш жабдықтарының қызмет көрсету мерзімі ұлғайды. Ал, жүргізуші кабинасына сандық технология бойынша жасалған басқару пульті орнатылды.

Антон Солод, электрмен жабдықтау учаскесінің шебері:

- Сандық заманауи технология барлық маневрларды ортақ бақылау жүйесіне жинақтап отырады. Сөйтіп жүк көтеруге қажетті қуатты, жылжыту қашықтығын жүргізушінің араласуынсыз автоматты түрде орындайды.

Александр Попов, құрастыру цехының басшысы:

- Өте сенімді крандар. 40-50 тоннаға дейін жүк көтереді. Қармауышынан басқа магнитті тегеріктері арқылы жүкті жабыстырып алып, тиеп бере алады. Негізі металлургия саласында қолдануға тиімді.

Негізі 30 кранға тапсырыс берілген. Дайын болған алғашқы екеуін бүгін Қарағанды облысына апаратын жүк көліктеріне тиеді.

Крандар Жайремде салынып жатқан жаңа кен байыту комбинатына жіберіледі. Ал, павлодарлық инженерлер осы жоба негізінде өнідірісті дамыта түспек. Себебі қазірдің өзінде Ресей мен Қырғызстаннан кранға тапсырыс түсіп жатыр.

Биыл кәсіпорын еңбек өнімділігін үш есеге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Әрине, экспорттық сұраныстың арқасында.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу