Теріскейде балықшылар жарысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде балықшылар жарысы өтті

18.02.2019

Мұз ойып, қармақ салып, тапжылмай күткеннің қанжығасы майланды.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Қыста балық аулаудың ерекшелігі – ең алдымен мұзды ойып алу керек. Содан соң балықты шақыру үшін мынандай құтыға салып, құрт тастайсың. Бұл балықты шақыру үшін керек. Бұның бәрі балықшылардың арнайы сайманы. Кәнігі балықшылардың айтуынша, балықтың түсіне ауаның қысымы, мұздың астындағы судың ағысы әсер етеді. Ең бастысы, жолыңның болуы. Егер сәттілік серік болмаса, үйге құр қайтуың да ғажап емес.

Олжас Сүлеймен Есілдің жағасында өскен. Кішкентайынан қолына қармақ алып, өзен жағалады. Бала кезден бойына сіңген машық, бүгінде сүйікті хоббиіне айналған.

Олжас Сүлеймен, балықшы:

- Қысқы балық аулау ерекше ғой. Қазір мұздың қалыңдығы 1,5 метрден асады. Ауа райының суықтығына қарамастан шамалы балық ұстадық. Соған да тәубе деп отырмыз.

Бүгіндері балық пен аң аулау тек ерлердің ермегі болудан қалған. Қолына мылтық пен қармақ алып, саят құрған нәзік жандылар жиі кездеседі. Солардың бірі - Юлия Алтынбаева. 

Юлия Алтынбаева, балықшы:

- Осыдан 2 жыл бұрын қолыма алғаш рет қармақ алдым. Демалысқа жақсы екен, өзіңмен-өзің отырасың. Таза ауа, тыныштық. Балықты ұстамасаң да, рахаттанып қайтасың. 

Сергеев су қоймасы - Шал ақын ауданының мақтанышы. Кәсіби балықшылардың алыстан келіп, олжа іздейтін жері. Бүгінгі жарысқа Павлодар мен Астанадан ат арытып келгендер де бар.

Нұрлан Есімов, Шал ақын ауданының әкімі:

- Халық бізсіз де келіп балық аулайды. Біздің міндет - ұйымдастыру. Осының арқасында туризмді дамытамыз деп ойлаймыз.

Бүгінгі жарыста балықшылар шортан мен алабұға, шабақты тонналап алмаса да, қармақты қапқанын місе тұтты. Жарыс жеңімпазсыз болмайды. Ұйымдастырушылар ең көп әрі ең ірі балық аулағандарды марапаттады.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу