Қарағанды облысының Саран қаласында Күн электр станциясы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Саран қаласында Күн электр станциясы іске қосылды

24.01.2019

Ол шетелдік инвестиция есебінен салынып отыр. Жаңа жоба облыстағы электр энергиясы тапшылығын жоюға оң серпін бермек. Жалпы, инвесторлар бір нысанмен шектелмек емес. Облыс төңірегінде тағы бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті билікпен меморандум бекіді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Бұл - Орталық Азиядағы ең үлкен Күн электр станциясы. Қуаттылығы жылына 100 мегаватт. Станция Саран сияқты 50 мың тұрғыны бар 10 қаланы электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Станция құрылысы ЕХРО халықаралық көрмесі ашылған кезде басталған болатын. Жоба неміс компаниясы құйған инвестиция есебінен жүзеге асты. Жалпы аумағы 160 гектар жерге 307 мың панель қойылған. Құны 140 млн доллар. Алып станцияда 7-ақ адам жұмыс істейді. Себебі мыңдаған панель болғанымен, оларға көп күтімнің қажеті жоқ.

Евгений Гребенников, «SES Saran» ЖШС бас директоры:

- Бұл - соңғы үлгідегі жиегінде металл жақтаулары жоқ панельдер. Қыстыгүні бетін қар баспайды. Себебі Күннен энергия өндіріп, генерация жүрген сәтте қар еріп кетеді. Ал, жазда түскен шаң-тозаң жауыннан өздігінен жуылады. Сондықтан мұнда ақау шыққан жерлерді жөндеу үшін аз ғана адам жұмыс істейді.

Баламалы энергияны тұтынуға көшу - табиғи ресурстарды үнемдеуге және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. 2030 жылға дейін еліміздегі баламалы энергияның үлесін 30 пайызға дейін жеткізу көзделген. Қарағанды облысында бұл бағытта үш үлкен жоба қолға алынса, соның алғашқысы осы Сарандағы станция.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Қазақстанда 67 баламалы энергия өндіруші станциялардың құрылысы аяқталды. Жалпы, оның қуаттылығы 531 мегаватты құрап отыр. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 1000 мегаваттқа дейін өседі деп күтілуде.

Алғашқы жобасын жүзеге асырған шетелдік компания өкілдері елдегі инвестициялық ахуалға айрықша разы. Сол себепті олар өңірде тағы құны 500 миллион доллар тұратын 4 үлкен жобаны жүзеге асыру үшін меморандумға қол қойды. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу