Астанада соңғы бірнеше күнде аяздың беті қайтып, ауа райы біршама жылынып қалған сияқты. Ал, Өскеменді қар басып қалған. Қалада қазір коммуналдық кәсіпорындар жолдарды тазалап үлгермей жатыр. Өйткені, өңірде соңғы 2 тәулікте қардың 1 айлық мөлшері бір-ақ жауған. Облыс орталығындағы жолдарды аршуға барлық техника жұмылдырылғанымен, қарға көмілген көшелер көп. Ол аздай, дер кезінде тазартылмаған үйлердің шатырындағы мұз сүңгілері де адамдарға қауіп төндіріп тұр.
Өскемендегі 1700-ден астам көпқабатты үйдің дені - ескі. Дәл қазір олардың шатырынан мұз сүңгілері салбырап, адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Тұрғын үйдің төбесіндегі қар мен мұзды тазалау - жеке пәтер иелері кооперативінің міндеті. Олар қолдан келгенше жұмысын атқарып-ақ жатыр, бірақ, кәсіби альпинист жалдауға ақшалары жоқ. Кәсіпкерлер көмектесуге құлықсыз.
Жазира Шәкенова, жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
- Бірінші қабаттағы кәсіпкерлер жұмыс істегісі келмейді бізбен. Өйткені, үй біздікі.
Шатырдың ернеуіне қатқан мұз сүңгілері ғана емес, қалың қар да ел-жұртты әбігерге салды. Қаланың орталық көшелері тазаланғанымен, тау-тау қар үйіліп қалған жолдар жетіп жатыр. Ол жерлермен аяқ алып жүру қиын. Әсіресе, аялдамалардың маңында осындай жағдай.
Коммуналдық кызметтер қыс басталғалы бері тоқтаусыз жұмыс істеп жатқанын айтады. Бүгін қарды тазалауға 70-ке жуық техника шығарған.
Ардақ Әбілдинов, «Өскемен Тәртіп» КММ директорының орынбасары:
- Бүгінгі күнге дейін 102 мың текше қар шығарылды. Қар тазалау жұмысы жақсы жүріп жатыр, өздеріңіз көріп тұрғандай. Техника жеткілікті, адамдар барлығы жұмыс істеп жатыр.
Техника мен жұмысшылар жеткілікті болғанымен, көшелерді тазалап үлгерер емес. Сондықтан, тұрғындардың көбі үйіне сүрлеу жолмен жетуге мәжбүр.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.