Павлодарда жүк тасымалдаушылар елді мекендерге көмір жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда жүк тасымалдаушылар елді мекендерге көмір жеткізе алмай отыр

08.01.2019

Оларға жергілікті полиция қызметі кедергі келтіруде. Бұған дейін жүк тасымалын тек көліктік-бақылау инспекциясы қадағалап келсе, енді бұл іске полицейлер де қоса кіріскен.

Бұл - транспорттық бақылау инспекциясы тарапынан көмір тасымалдаушыларға берілген жеңілдік. Яғни, жарты тонна жүкті артық тиеуге болады. Одан асып кетсе, айыппұл төлейді.

Бұған дейін шамадан тыс жүк артқан көліктерді көліктік бақылау инспекциясы ғана қадағалайтын. «Екі аптадан бері жергілікті полиция қызметі де іске араласты», дейді тасымалдаушылар.

Қуаныш Тілеуқабылов, жүк тасымалдаушы:

-Шықсаң қорқасың, айыппұл салады. Ауылда көмір жоқ. Жан-жақта шулап жатыр. Ақтоғай, Лебяжі аудандары, Қалқаман жақтағы ауылдарда көмір жоқ. Осылардың кесірінен біз тұрмыз. Бір аптадан асып кетті тұрғанымызға.

Облыстық әкімшілік пен көліктік бақылау инспекциясы жүк тасымалдаушылармен арнайы жиын өткізіп, мәселені шешудің амалын қарастыратын болды. Негізі, ірі кәсіпорынға да, жеке тасымалдаушыға да артық жүк артуға рұқсат жоқ. Себебі, шамадан тыс салмақ жолды бүлдіреді.

Қуаныш Ермұханов, облыстық көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Транспорттық жылжымалы бекеттердің мүмкіншілігі мол. Біз кез келген жерге барып көліктегі жүктің салмағын өлшей аламыз. Бүгін жеке көлік иелеріне жол жүру парақшаларын толтыруды ұсындық. Онда қанша жүк артылғаны, тексеруден өткен-өтпегені көрсетіліп тұрады. Сонда сіздерді еш себепсіз ешбір орган мазаламайтын болады.

Көлікке артық жүк арту үшін қолдан жасалған жақтаулар енді алынып тасталады. Бұған жүк тасымалдаушылар келісе кетті. Олар үшін бастысы полиция жүк көліктерін себепсіз тоқтатпаса болғаны. Ал, бұл мәселеге қатысты жергілікті полиция қызметі әзірге түсініктеме бермей отыр.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу