Шығыс Қазақстанда көмір тасымалдаушылар жүк көлігінде қонуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда көмір тасымалдаушылар жүк көлігінде қонуға мәжбүр

24.09.2021


Қыс келмей жатып Шығыс Қазақстанда көмірге ұзынсонар кезек қалыптасқан. Қыстық отынды тасымалдаушылар жүк көлігімен терминалдың алдында қона жатып кезекте тұруға мәжбүр.
Өскемендегі көмір қоймасының алдында бірнеше күннен бері осындай кептеліс. Ішке бірінші болып кіруге асыққан жүк көлік иелерінің әбден зығырданы қайнаған. Өйткені олар жүздеген шақырым жерден келіп, үйіне қайта алмай жүр.
Асланбек Қалелов, көмір тасымалдаушы: 
Көмір міне, мысалы мен алдыңгүні келіп қойдым мәшінді содан бері тұрмын міне. Жылда әкімдер келеді. Шешеміз дейді бұл мәселені. Сол қалпы қала береді.
Ал кезегі жетіп, терминалға кірген әр көлікке 3 тоннадан артық берілмейді. Себебі көмір шектеулі, тасымалдаушының бәріне бірдей жетпейді.
Нұржан Қазиев, терминал директоры: 
Әкімдік жоспар бойынша әлеуметтік көмір тасымалдауға мамыр айында келісім шарт жасаған. Жаздай көмір іздеген адам болмады. Енді міне тасымалдаушылар ауылдардан да келе бастады. Олардан бөлек қаладан әлеуметтік көмірге 80-100 адамнан тапсырыс түсіп жатыр. Біз бәріне беріп үлгермей жатырмыз. Қазір бізге келетін көмір де аз.
Терминал басшысының айтуынша, кеніштегілер көмірді көбірек тасымалдауға вагон жоқ дейтін көрінеді. Әрі кетсе 3,5 мың тонна қатты отын сыятын темір жол тұйығы қазір босап қалған. Бір күнде Қаражыра кен орнынан бар-жоғы 487 тонна көмір келген. Қыстық отынның құны 10300 теңгеден болса, әлеуметтің әлсіз тобына тағайындалған бағасы 9800 теңге.
Марат Айтуаров, тасымалдаушы: 
Көмір жоқ, кеше көмір берген жоқ мүлде, екінші күн міне тұрғанымыз.
Жауаптылар болса, бүгніде өңір халқының 97 пайызы қатты отынмен қамтылғанын айтады. Қазір көмірді кеніштен көптеп жеткізудің қамына кіріскен.
Самат Сүлейменов, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының түкш бөлімі басшысы: 
Көмір тапшылығы соңғы 1-2 күнде байқалып отыр. Біз Индустрия және инфрақұрылым министрлігімен және КТЖ-мен алдын ала хабарласып және тиісті хаттар жолдап, қажетті вагондар санын көбейту бойынша бүгінгі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ал алдағы бірер күнде облыс орталығына 20 вагон көмір жеткізілмек.

Дәулет Бақытбекұлы

Хабарламаларға жазылу