Қызылордада 100 пәтерлік екі үйдің тұрғындары жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада 100 пәтерлік екі үйдің тұрғындары жылусыз отыр

04.01.2019

Себебі, жертөледегі инженерлік жүйенің әбден тозығы жеткен. Құзырлы орындар оны жөндеу тұрғындардың міндеті десе, жұртшылық қомақты қаражат шығаруға қауқарымыз жоқ дейді.

Әйгерім екі баласымен қыс бойы осы бір бөлмеге тығылады. Пәтер ішінде емін еркін жүруге мүмкіндік жоқ. Табаннан өткен ызғар денеңді қариды. Тек Әйгерім ғана емес, Қорқыт ата көшесіндегі екі үйде 200-ге жуық отбасы суықтан бүрсең қағып отыр.

Гүлнәр Алтынбасова, қала тұрғыны:

- Жыл сайын осындай. 2001-ден бастап тұрып жатырмын. Пеш қосамыз, газ жағып қоямыз. Не істейміз енді басқа?

Талап Әмірханов, қала тұрғыны:

- Қалың киініп, пеш қосамыз. Тоққа да, жылуға да төлеп жатырмыз. Жертөле толып тұр. Жазда масадан көз ашпаймыз.

Тұрғындар «бар кінәрат осы жертөледе» дейді. Бірақ, оны тазалап, тозған құбырларды ауыстыруға жұрттың шамасы жоқ. «Қызылорда тазалығы» мекемесіндегілер жылудың тиісті қысыммен берілгенін айтады. Бірақ, әрі қарай пәтерлерге жылудың дұрыс жетпеуіне тұрғындардың өздері кінәлі көрінеді.

Ерік Жайлавин, «Қызылорда тазалағы» мекемесінің аумақ бойынша меңгерушісі:

- Пәтерішілік ақаулар бар. Батареялары кезінде жуылмаған. Сол себептен кептеліс болып тұр. Сондықтан, дұрыс жылу бармай тұр.

Қалада 768 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 13-і жылуға жарымай отыр.

Елдос Сомтеміров, қалалық тұрғын үй инспекция бөлімі басшысының орынбасары:

- Пәтерішілік құбырларды «Тұрғын үй қатынастары» заңдылығына сәйкес, тұрғындар өз есебінен алмастыру қажет. Ол жұмыстарға біз көмек көрсетеміз. «Қызылорда Тазалығы» мекемесі тегін жүргізіп береді, материалдарын алатын болса.

Тұрғындар біріксе, өзара ымыраға келсе, мәселе шешіледі. «Ал, қалада жылу таратуға қатысты проблема жоқ», дейді мамандар. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаланың бірқатар көшесіндегі жылу желілері мен құбырлары қайта жөнделді. «Қызылорда жылу электр орталығы» қалыпты жұмыс істеп тұр.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу