Теміртау тұрғындары жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртау тұрғындары жылусыз отыр

03.10.2022

Теміртауға әлі жылу берілмеді. Себебі құбырларды ауыстыру кестеден кешігіп жатыр. Бұл іске жауапты мердігер компания өкілі, Ресейден жеткізілетін өнім шекарадағы кептелісте тұрып қалды дейді. Биыл кеншілер шаһарында 6 шақырымдай жылу жүйесі алмастырылуы керек болған. 

Наталья Гефлинг Теміртау қаласының тұрғыны. Үйінің іші өте суық. Едені қара тастай. Пәтерін қазір тоқ пештің көмегімен жылытып отыр. Алайда әбден суық алған баспананы жылытуға күші жетпейді.

Наталья Гефлинг, Теміртау қаласының тұрғыны:
Адам төзгісіз суық. Міне қалың киініп жүрміз бірақ үйдің іші азынап тұр. Балалар да ауырып қалды. Жаңа ғана емханаға барып келдік. Жергілікті билік жылу береміз деген уәдесінде тағы тұрмады. Тезірек жылу берсе екен.

Халықтың алаңдайтын жөні бар. Себебі көшеде жалғанбаған жылу құбырлары әлі жатыр.

Руслан Нұрланұлы, тілші
Теміртау қаласының тұрғындары күздің қара суығында жылусыз отыр. Жылуды 1-ші қазаннан бастап береміз деген жергілікті биліктің уәдесі орындалмады. Металлургтер шаһарындағы жылу құбырларының 80 пайызы әбден тозған. Оларды ауыстыру жұмыстары міне әлі істеліп бітпеген.

Шіріп кеткен мына құбырлар қит етсе болды жарылып, жылуды уақытша тоқтатуға тура келеді. Биыл 6 шақырым құбыр ауыстырылуы тиіс. Ол үшін мердігер бірнеше компанияның өнімін алған. Соның бірі Ресейлік. Жұмысты тежеген де сол. Себебі логистика бойынша проблемалар болған.

Рустам Аминов, Мердігер компания өкілі:
Бұл негізі екі жылдық жоба. Бірақ біз биылдан қалмай 5 шақырымнан астам құбырдың барлығын жаңадан салуды көздеп отырмыз. Нәтижесінде осы учаскелерде қыста апаттық жағдай туындамайды. Келер жылы абаттандыру жұмыстарымен автомобиль жолдары астындағы 900 метр құбырды ауыстырамыз. Ресейден жеткізілетін өнімнің шекарадағы кептелісте тұрып қалуынан жұмыс кестеден кешігіп қалды.

Қазір құбырлар жеткізіліп жатыр. Ал жұмыс күндіз-түні жалғасуда. Адағы үш күнде қалаға толықтай жылу береміз,-дейді жергілікті билік өкілдері.

Ринат Қыдырбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
70 пайыз құбырлар шұңқырларға түсірілді. Жалпы жұмыстар ертең түскі уақытқа дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін біз құбырларды шаю жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Келесі күні тұрғындарға жылу беруге дайын боламыз .

Осылайша жауаптылар алаңдауға негіз жоқ деп сендірді. Теміртау қаласының жылу магистралінің жалпы ұзындығы 417 шақырымды құрайды. Биыл жөнделген учаскелерге бюджеттің 4 млрд теңгесі жұмсалған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу