Түркі әлеміне қатысты көне және жаңа кітаптарды енді онлайн түрде оқуға болады
Қазақстан мен Түркияның ортақ жобасы келер жылдың басында іске қосылады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да осындай кітапхана құру жөнінде айтылған еді. Анадолыда бастау алған жоба қазақ жерінде қолдау тапты. Анкара мен Алматының кітапханалары бірлесіп, осы күнге дейін 150 мыңдай кітапты цифрландырып қойған екен. Қазір олар сайтқа жүктеліп жатыр.
Әсел мен оның жұбайы осылайша 2 жыл бойы 50 мың кітапты цифрлық форматқа көшірген. Олардың ішінде түбі бір түркі елдерінің тарихы, жағрапиясы, археологиясы мен мәдениетінен сыр шертер 17-18 ғасырларда жарыққа шыққан құнды еңбектердің түпнұсқалары бар.
Әсел Лахаева, онлайн кітапхана жетекшісі:
- Түркология алаңында зерттеу жұмысын жасап жүрген ғалымдар мен осы салада оқып жүрген студенттер біздің кітапхананың ресурстарын қолдана отырып, түркітілдес елдерді жақындастырып, олардың байланысын күшейтіп және осы салада ірі зерттеулерді дүниеге алып келсін деген мақсатпен құрып отырмыз.
Құндылыққа құрмет танытып, өз ынталарымен электрондық кітапхана ашқан отбасыға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетіп, Алматыдағы Ұлттық кітапхана ұсыныс жасады. Тараптар меморандумға қол қойып, қос жақтап кітапхананың қорын толтыра беруге келісті. Электронды кітапхана сайты «Отырар» деп аталуы да кездейсоқ емес. Кезінде Отырар кітапханасы түркі әлеміндегі ең ірі ғылым ордасы еді.
Ал, мына кітапта Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бейнеленген. Бұл көне кітапта француз саяхатшысы Орта Азияға сапары барысында түсірген суреттері мен жазбалары бар. Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылар сан ғасырлық тарихы бар Түркістан, Сібір карталары сынды құнды деректердің түпнұсқаларын тауып қана қоймай, оларды қайта қалпына келтірген.
Омер Айкурт, YERTAD мәдениет және тарих қауымдастығының жоба үйлестірушісі:
- Бұл кітаптар мен карталар 17,18,19 ғасырларға тиесілі. Ал, мына кітап - Мұстафа Кемал Ататүріктің 1924 жылы жарыққа шыққан еңбегі. Онда соғыс жылдары жайлы жазылған. Сондай-ақ, майданнан кейін мемлекеттің қалай аяққа тұрғаны сипатталады.
Осындай француз, түрік тілдерінде басылған туындыларды Омер мен Әсел келер жылы қазақшаға аударып, олардың барлығын Қазақстанға тарту етеді. Тағдырлары тоғысып, шаңырақ құрған қос ұлы ұлттың азаматтары осылайша екі елдің байланысын одан әрі бекіте түспек.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
