Кедендік бақылау жүргізу ісі оңтайландырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кедендік бақылау жүргізу ісі оңтайландырылды

11.06.2014
Кедендік бақылау жүргізу ісі оңтайландырылды
Маусым айынан бастап, қазақ-қырғыз шекарасынан өтетін тауарларға кедендік бақылау екіжақты бірлескен түрде жүргізілетін болды.
 
Пилоттық жоба қырғыз жағынан «Ақжол», ал, еліміз тарапынан «Қордай» бекетінде жүзеге асырылады. Сауда -саттықпен айналысатын кәсіпкерлер шекара асқанда енді тек бір жерден ғана кедендік рәсімдеуден өтеді.
 
Яғни, оларға   «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі. Бұл құжаттарды толтыруға кететін уақытты үш еседей қысқартып отыр. 
 
Сондай-ақ, жаңа жобаның тағы бір тиімді тұсы - кедендік рәсімдеу ісінде уәкілетті экономикалық операторлардың көмегіне жүгінуге болады. 
 
Бұл құрылым бірнеше азаматтың тауарын біріктіріп, бір жерден тексеруден өткізеді. Қазір ел аумағында осындай қызмет түрін көрсететін 57 оператор жұмыс істейді.
 
Пилоттық жоба үшін «Қордай» кеден бекетінің таңдалғанының өзіндік себебі бар. Еліміздің оңтүстік қақпасы - Еуразия елдеріне жүк тасымалдайтын күре жол.
 
Мұнда тәулігіне орта есеппен 15 мыңдай азамат әрі-бері қатынайды. Ал, жазғы демалыс маусымында бұл көрсеткіш 27 мыңға дейін жететін болады.
 
Аманияз Ержанов, ҚР Қаржы министрілігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
Уәкілетті экономикалық операторлар алып өткенде, төлемдердің түсімі  27 миллионнан 1 миллардқа дейін барды.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу