Астанада қайырымдылық гранд балы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қайырымдылық гранд балы өтті

19.12.2018

Жастар ұйымдастырған ауқымды шараға 150 дебютант қатысты. Оларды кастинг арқылы арнайы іріктеп алған. Сосын бір ай бойы кәсіби хореограф-маманнан сабақ алып, кешке ерекше дайындалыпты.

Гранд балға қатысушылар алдымен қызыл кілеммен жүріп өтті. Басты ерекшелігі олардың біреуі де кәсіби биші емес. Арасында мұғалім, дәрігер, дәнекерлеуші, мемлекеттік қызметкер, студенттер де бар.

Данияр Есин, Астана қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы:

- Олар өздерінің биі арқылы өзге де жастарды қайырымдылық істерге араласуға шақырады. Бұл қатысушылардың барлығы еріктілер ретінде келіп, үлкен қайырымдылық істерге қатысты.

Бақытжан Жүнісбеков, Астана қаласы Қоғамдық даму істері басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің  басшысы:

- Қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде бай болу болмаса, қаражатың көп болуы міндет емес. Ең бастысы, шын жүректен жасалған қайырымдылық іс жүрекке жетеді деп есептеймін.

Дебютанттар гранд балға дейін «Ардагерлерді ардақтайық», «Жүректен жүрекке», «Ақжарқын Астана» сынды бірнеше қайырымдылық шараға қатысты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға барып, балаларына сыйлық үлестірді.

Жақсыгүл Мұстақыпқызы, «Астана қайырымдылық гранд балының» қатысушысы:

- Баланың көзінен от шығаратындай болсын деп біз әдейін оны сыртына дейін әдеміледік. Балалардың сол сыйлыққа көзі түскенде көздерінен бір қуанышты көресің.

Гранд бал кезінде арнайы аукцион да ұйымдастырылды. Жиылған барлық қаражат қайырымдылыққа жұмсалмақ.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу