Астанада балалардың Вена балы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада балалардың Вена балы өтті

31.05.2018

Бүгін Астанада бүлдіршіндердің Вена балы өтті. Шара Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылды. Кеш қатысушылары - қалалық жеке балабақшалардың түлектері.

Аңсар мен Толғанай толқып тұр. Бірер минуттан соң үлкен залға шығып, қатарластарымен бір мезетте вальс биін билейді. Балабақшадағы апайлары «қимылдарың мен қозғалыстарың бірдей болсын», дегенді қатаң ескерткен. Ал, вальстің өзін үйренуге бірнеше ай бойы дайындалған.

Ата-аналар қыздарының әсем көйлектері үшін қаржыны расымен де аямағандай. Кішкентай сұлулардың аппақ көйлектері көздің жауын алады, бірінен бірі әдемі. Ұлдар да қалыспаған. Вена балының талаптарын орындап, салатанатты кешке сәнденіп келген.

Мадина Әжікенова, қалалық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының жетекшісі:

- Екінші жыл ұйымдастырып отырмыз. Мұны жекеменшік балабақшалардың статусын көтеріп, балалардың дәрежесін, ең үздік түлектерді қолдап, жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары тегін ұсынып отыр.

Баллға 50-ден астам балабақшадан 122 балғын қатысты. Бүлдіршіндер 4-6 жас шамасындағы жекеменшік балабақша түлектері. Олар осыдан кейін мектеп табалдырығын аттайды. Білім әлеміне аяқ басты. Шараға Балалар құқығы жөніндегі уәкіл, депутат Зағипа Балиева да қатысып, құттықтау тілегін жеткізді.

Вена балы мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының, «Нұр Отан» партиясының, қалалық әкімдіктің және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өткізілді. Оны ұйымдастырудағы басты мақсат - балақайларды музыка және би әлеміне баулу.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу