Басты Жаңалықтар Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақ елі» тарихи-көркемдік кешені ашылды

Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақ елі» тарихи-көркемдік кешені ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақ елі» тарихи-көркемдік кешені ашылды. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында құрылған мұражай ежелгі өркениетті қайта жаңғыртуға негізделген. Белгілі ғалымдар бұл бастаманы университет қабырғасынынан ашылған өндірістік зертхана ісіндегі айтулы жаңалық деп бағалады.

Мұражайдың құрылымы үш залдан тұрады. Біріншісі, ежелгі тұрмыс-тіршіліктен тамыр тартатын сақ, ғұн, түркілердің тарихы. Жалпы, әлемдік ғылым кеңістігінде кейінгі 50 жылда ғұн жазуы ұғымы пайда болды. Алайда, оған қатысты деректер аз болғандықтан, көп айтылмайтын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан кейін тарихшылар осы бағыттағы жұмысқа ден қойған. Нәтижесінде, біздің заманымызға дейінгі 3 мың жылды қамтитын таңбалардың алты мың жылдық тарихы бар екені анықталды. Мұны бес мың жылдық тарихымыз бар деп мақтанышпен сөйлейтін Қытай ғалымдарының өзі мойындаған.

Ғибадат Ғаббасұлы, құқықтанушы, әуесқой тарихшы:

- Қытай ұлттық академиясында осы талқыдан өтті. Қаралды, үлкен талас тумады. Ішінара пікірлер болды. Бірақ, жалпы пікір осыған кеп ұйысты. Бар екені шындық. Дерегі бар. Мысалы, ғұн қабірінен шыққан ғұнның мөрінде жазу бар. Оны қытайлар оқыды, Шинну құты бітікші мөрі. Шинну деген ғұн, құты деген Тәңір құты, бітікшісінің мөрі, дейді. Бітікші деген хатшысы, олай болса, бітікші ұстау деген сөз жазу болған. 

Әлемдік мәдениетке ықпал еткен сақ, ғұн, түркі өркениеті әлі талай тарихшының зерттеу нысанына айналатыны анық. Ал, мұны Елбасының отандық ғалымдардың алдына «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында нақты зерттеу бағыты ретінде белгілеп беруі, осы салада еңбек ететін ғалымдарға серпін берген.  

Меңдігүл Сағатқызы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің деканы:

- Кешенде Күлтегіннің, Тоныкөктің жазбалары, сонымен қатар, түркі дәуірі кезеңіндегі бірқатар жазбалар қойылған. Түркі жазуының ғұн дәуірі кезеңіндегі үлгілерін де бүгін біз осы кешенге қойып отырмыз. Көпшілікке айтайық деген жаңалықтарымыздың бірі ғұн жазуы туралы. Түркі жазуы алтыншы ғасырда түркі дәуірімен бірге бастау алған сияқты көрінеді. Шын мәнінде түркі жазуының генезисі сонау сақ дәуірі кезеңінен бастау алған.

Осылайша, алты мың жылдық өркениеттің сырын ашқан ғалымдар енді ізденісті байырғы тас бітіктерге бұрмақ. Ал, тарихи кешеннің екінші залы «Алаш мұрасы» деп аталады. Мұнда Алаш алыптарының ұлт мұраты үшін жанын салып кіріскен жанкешті еңбектері баяндалады. Ал, үшінші зал «Мәңгілік ел» композициясы. Онда Елбасының тәуелсіздік жылдарында қабылдаған тарихи шешімдерінің маңызы түсіндіріледі. «Сондықтан, бұл орталық, ғасырларды тоғыстырған киелі мекенге айналады», - дейді мамандар. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу