Қайнар ауылында тұратын кәсіпкер ауыл тұрғындарына пайызсыз несие беріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайнар ауылында тұратын кәсіпкер ауыл тұрғындарына пайызсыз несие беріп отыр

22.11.2018

Жас мамандарға үй, оқимын деген жасқа қаржылай көмек, ал, тұрғындар үшін пайызсыз несие. Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Қайнар ауылында тұратын кәсіпкер жерлестеріне  осындай жағдай жасап отыр. Бұған дейін шаруа қожалығының араласуымен ауылдағы Мәдениет үйі жөнделіп, дәрігерлік амбулатория, спорт кешені салынған. Берекесі шалқыған ауылға жыл санап жастар көшіп келуде. Себебі, мұнда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсы, жұмыссыздық жоқ.

Ерлі-зайыпты Олжас пен Дана Қайнар ауылына екі жыл бұрын көшіп келді. Екеуі де «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жергілікті мектепке жұмысқа орналасқан. Кенже ұлдары қазір ауылдағы жаңа балабақшаға барады. Бөбекжайды «Қайнар» шаруа қожалығының басшысы  жерлестеріне тарту ретінде салып берген. Қазір осында 90 бала тәрбие алуда.

Дана Несіпова, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Таңертең сегізден алып келгеннен кешкі сағат алтыға дейін алаңсыз жұмыс істейміз. Мектепте күнәра спорттық секциялар болады. Ауылда спорттық кешен де жұмыс істеп тұр. Сенбі-жексенбі сайын балалардың бассейнге түсуге мүмкіндіктері бар. Осы ауылға келгенімізге бірде-бір өкінген жоқпыз. Осының барлығы қолымызда болғаннан кейін біз ең дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын.

Бұл отбасының тағы екі баласы осындағы жергілікті мектепке барады. Білім ошағы қаладағыға бергісіз. 2015 жылы 53 миллион теңге қаражат бөлініп, толықтай жөндеуден өткен. Ал, биыл 1,5 миллион теңгеге роботатехника кабинеті ашылды.

Жолдас Сүлейменов, оқушы:

- Мектеп маған өте қатты ұнайды. Бос уақыт жоқ. Неше түрлі үйірмелерге барып жүремін.

Осылайша, аз уақытта ауыл тіршілігіне бейімделіп кеткен жас отбасы қазір мына үйде тұрады. Бұл баспананы жергілікті шаруа қожалығы алып берген. Жалпы, ауылда 1300 тұрғын бар. Олардың басым дені жастар. Биылдың өзінде Қайнарға 15 жас маман келіпті.

Нұржан Оралбаев, Қайнар ауылдық округінің әкімі:

- Жұмыссыздар жоқ. Жас отбасыларға үй беріледі. Ол жағы шаруашылықтан қамтылған. Егер сол отбасының ЖОО-на түсуге талпынған баласы болса, оған да көмек беріледі. Пайызсыз несие беру қарастырылған.

Ауылда шаруа қожалығы жөндеп берген Мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, бассейн, спорт кешені бар. Тұрғындар бос уақытын тиімді жұмсау үшін жағдайдың барлығы жасалған. Биыл шаруашылықта жұмыскерлер жалақысы 20 пайызға өскен. Қазір мұндағы орташа айлық 130 мың теңге. 

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу