Жетісу облысында 500-ден астам адам жаңа кәсіп ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында 500-ден астам адам жаңа кәсіп ашты

23.01.2024

Өткен жылы Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 530-дан астам азамат өз кәсібін бастады. Оларға 3,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Ауыл тұрғындары негізінен мал алды. Өңірде 4 шаруа қожалығы ашылып, 1000 бас бордақылайтын төрт ірі кешен іске қосылды.

Ақтекше ауылының тұрғыны Ерболат Сләмхан «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өткен жылы 8,3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл қаражатқа іскер азамат ірі қара мен бөдене сатып алып, екі бағыт бойынша кәсібін бастады. Қазір екі сала бір-біріне септігін тигізіп, шаруаның табысын еселеп келеді.

Ерболат Сләмхан, ауыл тұрғыны:

45 күнде құс шаруашылығы тез айналып, қаражатқа келеді екен. Мысалы бір бөдене 45 күнде туып, аталығын етке, аналығы туып осындай бір жұмыс жасалып жатыр. Негізі құс шаруашылығы қосымша жақсы кіріс екен.

Ал дәл осы ауылдық округте тұратын Ертай Шәріпов мемлекет берген қаржысына 20 сиыр сатып алды. Мақсаты ауыл мен аудан тұрғындарына сүт өнімдерін өндіріп сату. Мал төлдегенде қосымша сүт сақтайтын резервуар және сиыр сауатын аппараттар алмақ. Сүт, айран, құрт, ірімшік сияқты ауыл дәмі үлкен сұраныста, - дейді кәсіпкер.

Ертай Шәріпов, ауыл тұрғыны:

Тиімділігі қазір ауылда жастар бос қой енді. Соған үлкен көмек болып жатыр. Үкіметтен ақша беріп, шаруа жасаңдар деп. Енді соны пайдланып жатырмыз. 1,5 жыл жеңілдігі каникул бар. Келесі жылы бір туып, Алла бұйыртса айналымға келіп алады ғой.

ТІЛШІ: Көксу ауданында өткен жылдың соңында дәл осылай 70-ке жуық адам кәсібін бастады. Оларға Ауыл аманаты бағдарламасымен 417 млн теңге қаржы бөлінді. Шаруалар 1600 бастай қой, сиыр, жылқы және оған қажет жем-шөбін алды. Бұл жобаға қатысуға ниетті тұрғындар саны биыл да арта түспек.

Айбек Ахметов, Көксу аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Басқа бизнес салаларына қызығушылық танытқан азаматтар бар. Осы несиеге бағдарламаға қатысуға азаматтар көп қызығушылық танытып жатыр. Сонымен қатар қосымша екі кооперативіміз құрылып жатыр. Осы бағдарлама аясында несие аламыз деп.

Өткен жылы бұл бағдарламамен өңірде 3,2 млрд теңге қаржы игерілді. Биыл облыс 3,5 млрд теңгеге өтініш білдіріп отыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу