Алматыда қаржыгерлердің VIII конгресі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қаржыгерлердің VIII конгресі басталды

15.11.2018

Оған алыс-жақын шетелдерден белді мамандар, Орталық банктердің басшылары, халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері мен қаржы нарығының кәсіби қатысушылары келген.

Қаржыгерлердің VIII конгресінің ашылуында алдымен сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев көпшілікке Елбасының құттықтау хатын оқып берді.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресіне қош келдіңіздер! Бұл Конгресс ұлттық валютамыздың 25 жылдық мерейтойы күні өткізіліп отыр. Төл теңгеміздің айналымға енгізілуі мемлекеттілігіміздің қалыптасуы жолындағы маңызды белес болды. Теңге өз қаржы жүйемізді қалыптастыруға мүмкіндік берді әрі экономикалық егемендігімізді қамтамасыз етіп, дербес ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етті.

Төл теңге айналымға енгеннен бері Қазақстан экономикасының ауқымы айтарлықтай өсті. Мысалы, шетелден тартылған инвестиция көлемі 300 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал,  халықаралық қорымыз 86 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда құрылымдық және институционалдық реформалар белсенді жүзеге асырылып, үшінші жаңғыру басталды.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Бүгінгі басқосуға қатысқан шетелдік қаржыгерлер еліміздің жүргізіп отырған қаржы саясатына оң бағасын берді. Сондықтан, мен жалпы біз дұрыс жолмен келе жатырмыз деп ойлаймын. Бүгінгі шара ұлттық валютамыз теңгенің айналымына шыққанына 25 жыл толуымен сәйкес келіп отыр. Төл теңгеміз өз ақша-саясатын жүргізіп, ұлттық қаржылық жүйемізді құруға мүмкіндік берді.  

Қаржы әлемінің майталмандары күн тәртібінде «Заманауи жағдайларда орталық банк алдында тұрған сын-қатерлер» тақырыбының төңірегінде әңгіме өрбітті. Себебі, халықаралық қаржы нарығындағы өзгерістер кез келген мемлекетті айналып өтпейді. Сондықтан, әлемнің әрқиырынан келген сарапшылар «ынтымақпен жұмыс істеудің маңызы зор», дейді. Ал, елордада «Астана»  халықаралық қаржы орталығының ашылуы - еліміздің қаржыгерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу