Әлемуеттік кәсіпкерлер ауруханадағы емделушілерді жұмысқа тартып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр
Елімізде небәрі 50-ге тарта әлеуметтік кәсіпкер бар. Неге аз? Өйткені, қоғамда ондай ұғымның қалыптаспағанын өздері де мойындап отыр. Алайда, мүгедек жандарға жағдай туғызып, халықтың мұқтаж тобына қолдау көрсетуде іскер ортаның орны бөлек. Тек бұған өзге мемлекеттермен салыстырғанда бізде кештеу көңіл аударып жатыр.
Сән әлемінің сан түрлі бұйымын мүгедек жандар тоқыған. Қолдорбалар технологиясыз жасалды. Ешкі жүнінен тігілген жеңіл әрі жұмсақ көйлекті де соңғы кездері іздеп киетіндер көбейген. Психоневрологиялық диспансерде еңбек нұсқаушысы болып істейтін Рахима емделушілерін шеберлікке баулып, жауһарлары үшін жалақысын да береді. Табыстары тапсырыстарына қарай төленеді.
Рахима Мукушева, әлеуметтік кәсіпкер:
- Бір айлық табысына келсек, 30 мыңнан жоғары болады. 200 мың алатындар да бар. Ол қалай жұмыс істегеніне байланысты.
Ал бұлар манты, түшпараны қолдан бүгеді. Жартылай фабрикаттарын инстаграм желісінде ғана саудалап жүр. Өнімдерін ірі дүкендерге өткізуге тырысып көрген. Бірақ, қолдыкінің құны сапасына қарай қымбатырақ болған соң түк шықпапты. «Дегенмен, одан тапсырыс азайған жоқ», - дейді. Сабина осылай құлағы мүкіс 10 адамға жұмыс беріп, қамкөңіл жандарға қолұшын созған.
Сабина Фаттах, «Жаснұр саңыраулар қауымдастығы» ҚБ төрағасының орынбасары:
- Мақсатымыз көп пайда табу емес. Мақсат - қолайлы жағдай туғызу. Кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алудан қорықпауы керек. Керісінше олар да қалауына қарай қызмет ауыстыра беруі тиіс.
Бұлардан бөлек, Астанада 22, ал, республикада 50 әлеуметтік кәсіпкер бар. Бірақ, қоғамда ондай атаулы термин беймәлім. Тиісінше, түсінік те жоқ. Ал, ол іскерлер тек пайда табуға емес, әлеуметтің әлсіз тобын көтеруге және кемтар жандарды қолдауға қолғабыс етеді. Бұл міндеттің орындалуына келсек, біз Батыстан 40, Ресейден 10, көрші Қырғыздан 7 жылға қалып қойыппыз. Әлгі елдерде әлеуметтік кәсіпкерлерді оқытатын, одан әрі дамытатын арнайы ұйымдар бар.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер, форум ұйымдастырушысы:
- Мен мемлекет өз бетімен бірдеңе ойлап таппаса екен деймін. Керісінше біздермен кеңессе. Осы жолда 2015 жылдан бері жүрмін. Сонда мәселені қалай шешуге болатынын айтып, тәжірибемізбен бөлісеміз. Егер бірлесіп әрекет етсек, көп нәрсе түзеледі.
Елбасы да Жолдауында «кедергісіз орта» қалыптастыруды тапсырды. Бұған бизнесмендер де тікелей тартылып, әлеуметтік өрістеуге мән бергені жөн.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы