Диқандар қауымы биыл да ақ күріштен тау тұрғызып, 500 мың тоннаға жуық дәнді-дақылды қамбаға құйды. Еңбекте озат атанған дала саңлақтары марапат төрінен көрініп, құрметке бөленді. Ал мәуелі маусымға мол ырзық-несібесімен жеткен шаруалар қала тұрғындары үшін жәрмеңке ұйымдастырып, ауылдың сыбағасын арзан бағамен ұсынды.
Ала жаздай бел жазбай еңбек еткен диқандар облыс орталығына мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді. Бүгінде әр ауданның өз брэнд тауары бар. Жәрмеңкеде Жаңақорғанның қарбызы, Шиелінің бақша дақылдары, Қазалының кәмпиті қызу саудаға түсті. Ал, аралдықтар теңізден тірі балық жеткізіп, қала тұрғындарын ерекше қуантты.
Мұхтар Амангелдіұлы, кәсіпкер:
- 500 келідей балық әкелгенмін өтіп кетті. Шортан балығын келісін 200 теңгеден, мөңке балығын 300 теңгеден саттық.
Тоқшылық мерекесіндегі бағалар көптің көңілінен шыққандай. Картоптың келісі 55-70 теңге аралығында, пияз 50 теңге, қырыққабат 80 теңге көлемінде сатылды. Жалпы, жәрмеңкедегі өнімдер базар нарығынан 20 пайызға дейін арзан бағамен ұсынылды.
Орынбасар Төлепов, ЖШС директоры:
- Жұмысшылардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру арқылы жақсы өнім алдық. Алтын күзге 20 тоннадай өнім әкелдік. Картоп, бидай, күріш, жем, сондай түрлерін әкеп тұрмыз.
Сондай-ақ, бұл күні аймақтың ырыс-несібесін тасытқан еңбек озаттары марапат төрінен көрінді. Ауыл шаруашылығы саласында толайым табысқа жеткен Шиелі ауданы «үздік агро өлке» атанды. Қарапайым шаруа адамына деген шынайы құрмет Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабековаға облыс әкімі 5 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Сыр диқандары осылайша тағы бір егін маусымын ойдағыдай аяқтады. Бұл береке бірліктің, еселі еңбектің жемісі.
Әділбек СЕРІКҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.